Nur Otan партиясының болашағы

none

1 наурызда Nur Otan партиясының кезектен тыс сиезі өтеді. Бұған дейін елдегі демократиялық өзгерістердің күзде басталатыны айтылған. Бірақ партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аяқасты сиез шақыруы саяси процестерді кешеуілдетпей тездетіп бастап кетуге бағыт алғанын көрсетеді.

Осы тұста «президент Тоқаевқа Nur Otan керек пе?» деген заңды сұрақ туады. Әрине, Тоқаевтың жағдайымен санасып, соның позициясынан қарасақ, Nur Otan саяси реформа үшін керек. Кез келген реформа жасау үшін мол қаржы ғана емес, адами ресурс қажет. Қалай десек те, Nur Otan - алып идеологиялық машина. Оның қоғамдағы рөлі мен орнын ескермеуге, елемеуге болмайды.

Егер елде саяси модернизация жасаудың қажеттілігі күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаруа болса, онда партияны сапалық жағына қарай тездетіп өзгерту керек, ескі бағдарламалар мен тиімсіз іс-әрекеттен арылтып, оны жаңашыл, халыққа өтімді идеямен алмастырып қайтадан саясат алаңына шығару маңызды. Сонда ғана Nur Otan «Жаңа Қазақстан» құрғысы келетін президент Тоқаевтың сенімді көмекшісі бола алады. Егер Nur Otan ескі стильмен, «біз билік партиясымыз» деген өркөкіректікпен саяси алаңда конструктивті жұмыс жасамаса, онда партия «арбаға көлденең салынған бесінші доңғалақ» секілді президенттің бастамасын тежеп, ырық бермейтін тағы кедергінің бірі болып шығады. Сондықтан президент Тоқаев Nur Otan партиясына алдағы сиезде реформаның келесі этапына өтетін жаңа бағыт беруі керек.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 18.02.2022 86

Қатысты мазмұн