Назарбаев коронавирустан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты

none

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Назарбаевтың баспасөз қызметі хабарлады.

Экс-президент "Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келгенін, қауіпті індет бүкіл елге тарап, адам шығыны болғанын" айтқан.

"Алапат дерт адамдарымыздың өмірін қиып жатыр. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырады. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын" деген Назарбаев.

Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 13 шілде – коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған.

Ресми мәлімет бойынша, кейінгі төрт айда Қазақстнда коронавирус жұқтырғандар 59 899 адамға жетті. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада дүние салды. Бұған қоса коронавирус жұқтырғаны анықталған, бірақ ресми билік "өліміне басқа ауру себеп болған" деп коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына қоспаған тағы 101 адам көз жұмған. Сонымен бірге Қазақстанда әдеттен тыс өршіген пневмониядан жүздеген адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды да коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне қоспай отыр. Кейбір мамандар мен сарапшылар бұл пневмония коронавирус инфекциясының салдары деп санайды.

Айдары: Найзағай 13.07.2020 33

Қатысты мазмұн