Минскідегі наразылық болып жатыр

none

Беларусьте президент сайлауынан кейін тұтанған жаппай наразылықтан хабар таратқан бірнеше журналистпен (арасында ресейлік тілшілер де бар) байланыс үзілген.

"Медуза" тілшісі Максим Солоповпен әріптестері 9 тамыз кешкі уақыттан бері байланыса алмай отыр. Ол жексенбі күні кешкісін Минскіде ұсталып, соққыға жығылған. Қазір оның қайда екені белгісіз. "Правозащита Открытки" құқық қорғау тобының адвокаты Антон Гашинский Солопов Жодино қаласындағы тергеу изоляторында болуы мүмкін деп топшылайды. Беларусь құқық қорғау органдары Солопов туралы ақпарат берген жоқ.

Сол сияқты дүйсенбі күні кешкі уақыттан бері "Россия сегодня" агенттігінің фототілшісі Илья Питалевпен де байланыс үзілген. Өткен түні беларусь тілінде ақпарат тарататын "Наша Нива" басылымының бас редакторы Егор Мартинович ұсталған. Ол әріптестеріне SOS деп жазылған қысқа хабарлама жіберіп үлгерген. Бұдан соң онымен де байланыс үзілген.

Минскідегі наразылық акцияларынан хабар таратқан "Наша Нива" басылымының тілшісі Наталья Лубневскаяның тізесіне резеңке оқ тиіп, жараланған. Журналист ауруханаға түскен.

"МБХ медиа" сайты да басылым тілшісі Александр Скрыльниковтің құлақ тұндыратын гранатадан жарақаттанғанын хабарлады.

Минскіде жексенбі күні ұсталған ресейлік журналистер Антон Старков, Дмитрий Ласенко және WarGonzo жобасының негізін қалаушы Семен Пегов босатылған. Бұл туралы Ресейдің Беларусьтегі елшісі Дмитрий Мезенцев хабарлады.

"Ведомость", "Коммерсант", РБК, Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесі, Ресей либералдық-демократиялық партиясы, журналистер одағы Минскіде ұсталған ресейлік журналистерді босатуға шақырған. Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова беларусь билігінің журналистерге қатысты әрекетін "негізсіз" деп атады.

Беларусьте президент сайлауынан кейін наразылық тұтанып, дүйсенбі күні де жалғасқан. Кейбір жерлерде арнайы жасақ пен наразылар қақтығысқан. Билік Минскідегі акция кезінде бір демонстранттың қаза болғанын растады.

Айдары: Найзағай 11.08.2020 42

Қатысты мазмұн