Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ашық хат жазды

none

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды.

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап өзі берік ұстап келген Мемлекет тізгінін Сізге сеніп тапсырды. Елбасының сұңғыла саясатының арқасында "Қазақстан халықтары ассамблеясы" құрылып, қазақстан халқы, қазақ елі айрандай ұйып отыр. Соған қарамастан ұлт бірлігін ел ыдыратып, ел арасына өрт салатын сорақы әрекеттер ел ішінде етек алып барады. Тақауда әлеуметтік желілерде белгілі актер Алмат Сақатовтың Найман руын сайқымазақ еткен әртіс әріптестеріне ашынып айтқан ашулы сөздері халыққа кең тарап, Найман ғана емес басқа руларының да көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының ашу-ызасын тудырғанын әлеуметтік желілерден көріп отырмыз.

Қазақтың іргелі руларының бірі – Найман жұртын қалжыңға сүйеп, келемеждеу, кемсіту соңғы он-онбес жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұның артында өздерінің ішкі есебін жүзеге асыруды көздеген белгілі бір топтардың саяси мүддесі тұруы әбден мүмкін. Рулардың намысына тиіп мазаққа айналдыру – ұлтымыздың жұлынына түскен жегі құрт, ел ішін ірітіп- шірітетін, Тәуелсіздігіміздің тамырына балта шабатын аса қауіпті індет. Бұл індеттен арылу - өзін қазақ санайтын әр азаматқа міндет.

Жанар Айжанова бастатақан топтың басқа емес теледидардан Найман руы туралы аузына келгенді айтқан сорақы сөздерін бірнеше рет өз құлағыммен де естідім. Ру намысына тиіп, араздық қоздыру – барып тұрған надандық! Оларды жөнге салуды жауапты орындардан талап етемін!

Әдетте ұлт араздығын қоздырғандарды соттап жатамыз. Ал, рулар арасында өшпенділік өршітіп, ел бірлігін телеарна, әлеуметтік желілер арқылы ала тайдай бүлдіріп жүргендерге бей-жай қарап отырмыз. Мұны қалай түсінуге болады? Ақпарат министірлігінің басшылары мен заң орындары қайда қарап отыр? Тәуелсіздік алып, Мемлекет болып, Орда тіккендегі жеткен жеріміз осы ма? Мына түрімізбен жас ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Ертеңгі елге, жерге ие болады деп үміт күтіп отырған жастардың санасын өз қолымызбен өзіміз улап отырмыз. «Көрген көргенін, көсеу түрткенін қылады» дейді қазақ. Үйдегі үлкендерден естіген рушылдық дерті бесіктен белі енді шыққан мектеп оқушыларын да шарпып, студент – жастар арасына дейін жайылып кетті. Бұл сұмдыққа жол беруге болмайды! Аруағынан айналайын, қазақтың әр атасы ардақты, әр руы қасиетті, киелі. Руларға тіл тигізіп, келемеждеуге мүлде болмайды. Киесі ұрады. Сен анаусың, сен мынаусың деп әр ру, әр жүз бірін-бірі көзге шұқып, көтке түрте берсе не болғанымыз? Ұлтпыз, ұлттық идеялогия керек деп жар саламыз. Мына сыйқымызбен ұлттың рухын, Тәуелсіздіктің туын биікте қалай ұстап тұра аламыз? Қалай Мәңгілік ел бола аламыз? Алмат Сақатов ініміздің ашуға басып, ашынып айтқан сөздері әр қазаққа ой салуы керек. Ол жетіскенінен от алып, қопаға түсіп, жұрттың жанына бататын ауыр сөзге барып отырған жоқ, жүйкесіне әбден тигендіктен айтып отыр.

Сондықтан "Әр қазақ менің жалғызым!" деген Сабыр Адай ақынның аталы сөзі әр қазақтың жүрегіне жол салса деп ойлаймын.

Қазақ деген ұлы халықты құраған тамырлас, тағдырлас, туыстас рулардың намысын таптап, аруағын аттап, есіріп жүрген кейбіреулер ел болашағын ойласа, қай ғасырда, қай заманда отырғанын біліп, тез арада естерін жинаулары керек. Қандай да бір рудың шамына тиіп, ел арасына ши жүгіртудың аяғы жақсылыққа апармайды. Бейпіл ауыздарға берік құлып салатын қатаң заң керек! Сүттей ұйып отырған елімізге ірткі салып, берекесін қашыратын мұндай зиянды әрекеттер қашанда қатерлі. Осы жағдайға баса назар аударып, шұғыл шара қабылдауыңызды сұраймын.

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Айдары: Бақ-бақ 30.12.2019 174

Қатысты мазмұн