Медведев Қазақстан туралы жазбасына қатысты мәлімдеме жасады

none

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев "дұшпан елдер Ресейді ТМД-дағы достарымен араздастыра алмайтынын" мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.

Дмитрий Медведев "ВКонтакте" желісіндегі парақшасында РИА Новостиге берген сұхбатынан үзінділер жариялады.

"Жақында Желідегі парақшаңыз бұзылды. Жазба жарияланды, онда бұрынғы КСРО республикаларына қарсы пікірлер болды. Бұған қалай қарсы тұруға болады" - деп сұрады журналистер.

"Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Олардан ешкім сақтана алмайды. Үкімет төрағасы қызметін атқарған кезімде осындай шабуылдарға тап болатын едім. Бұл - біз айтқан ақпараттық соғыс көрінісі. Тағы да растай аламын: әлеуметтік желі әкімшілігі мен құзыретті органдар тексеріс жүргізеді. Кінәлілер жазасыз қалмайды", - делінген жазбада.

Оның айтуынша, ҰҚШҰ, ЕАС және ШЫҰ бойынша одақтастармен араздастыруға мүдделі жау елдер жеткілікті.

"Оларға мұндай мүмкіндік бермейміз. Еліміздің барлық билік органы мен серіктестеріміздің жұмысы осыған бағытталған. Мұндай "жұмыстың" айқын әрі қарапайым әдістері - белгілі адамның атынан көршілер туралы өткір нәрсені ашық алаңға жариялау, тарихи сюжеттерді пайдалану, жалған ақпараттың жойылуын күту, содан кейін оны саудалау. Ресей бәрін әдейі жасағандай көрінеді, одақтастарға қатты сигнал жіберді, содан кейін дипломатиялық жолмен жойылды. Айтарлықтай дәнеңесі жоқ, бірақ көңілде кірбің қалдырады. Міне, бұл - "орыстардың шынайы ниеті". Міне, олардың "басқыншылық жоспарлары", - деді ол.

Дмитрий Медведев Ресей "ешқашан бұлай жұмыс істемегенін және жұмыс істемейтінін" атап өтті.

"Бұл ережелерімізге және моральдық принциптерімізге сәйкес келмейді. Достарымызбен тікелей әрі ашық сөйлесеміз. Дұшпандар бізді араздастыра алмайды. Біз ресми декларациялар бойынша ғана емес, елдеріміз бен халқымыздың мүддесін қозғайтын күнделікті мәселелерді шешуде де одақтаспыз. Алдағы уақытта да осылай болады", - деп түйіндеді ресейлік саясаткер.

Бұған дейін Желіде скриншоттар пайда болған еді. Онда "ВКонтакте" желісіндегі Дмитрий Медведевтің парақшасындағы пост түсірілген.

Медведевтің парақшасынан түсірілген скриншоттарда "Қазақстан жасанды мемлекеттік құрылым" екені, ал Грузия 19 ғасырдың басында Ресей жаулап алғанға дейін болмағаны айтылған.

Айдары: Найзағай 04.08.2022 49

Қатысты мазмұн