Марғұлан періште ме?

none

Шахматшыларды әсте, сөзден ұстау оңай емес. Нақты фактіні алдына жайып салғанда ғана цугцвангқа түсуі мүмкін. Әңгіме - Қазақстанның бұрынғы шахмат федерациясының президенті Марғұлан Сейсембай хақында.

Соңғы аптада әлеуметтік желі бетінде қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан екеуі көпшілік алдында сөздің тура мағынасында беттен алып, беттен салды. Мұхтар Тайжан туралы әңгіме сәл кейінірек. Бізді Марғұланның сан түрлі жағдайдағы сан түрлі мінез-құлқы қызықтырып отыр. Жеке парақшасында періште образына енген Марғұланның шын бейнесі қандай?

Бұл сұраққа жауап берместен бұрын, Марғұланның тұлға болып қалыптасу жолына назар аударайық.

1994 жылы Марғұлан еліміздің бидайын жақын және алыс шетелге сатумен айналысатын «Сеймар-коммерция» компаниясын құрды. Бір жылдан соң, бұл компанияны «Сеймар» концерні етіп қайта тіркеді де, елдегі иесіз қалған бүкіл құс фарикаларын сатып алуға көшті. Құс фабрикалары алғашқыда «Алматықұс» атымен белгілі болса, қазір «Алель агро» деген атпен танымал. Сөйтіп, бір сәтте біздің кейіпкеріміз Қазақстандағы «жұмыртқа патшасына» айналды. Бірақ жас кәсіпкерге бұл да аздық етті. Сөйтіп, 2002 жылы «Картел» компаниясын 12 млн долларға сатып алды. 2004 жылы фирманың қарызын жауып, оны ресейлік «Вымпелкомға» 425 млн долларға сатып жібереді. Марғұланның бизнес саласындағы бас айналдырар осыншама жетістігіне Ақ Ордаға ықпалды адамдармен тығыз байланысын да естен шығармау керек. Ресейдің компромат групп сайты Марғұлан бизнесін өркендету ісінде атақты «төрт ағайынды» қылмыстық топпен де ауыз жаласқанын жазады.

Марғұлан Сейсембаев тауықтарына тек жұмыртқа тудырып қана қойған жоқ. Павлодар қаласында орналасқан бұрынғы «Иртышбизнесбанкті» сатып алып, соның негізінде «Альянс банк» АҚ қоғамын құрды. Арада екі жыл өткенде «Альянс банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсембаев банктегі салымшылардың ақшасын ұрлап алып, шетелге қашып кетті. Сол кездегі оқиғаларға аздап шегініс жасасақ. Осы іс бойынша журналистерге сұқбат берген Марғұланның адвокаты Паллада Тепсаеваның айтуынша, Марғұлан Сейсембаев 2006-2007 жылдары өзіне қарасты компаниялардың жер учаскелерін кепілге қоя отырып, ірі көлемде кредит таратқан. Несие жабылмастан, әділет басқармасына әлгі жерлерді кепілдіктен босату туралы хат жолдаған. Осындай күдікті жолмен салымшылардың 900 млн долларын қолды еткен.

Істі мұқият тергеген Алматы қаласы Медеу аудандық соты 2011 жылы «Альянс банкті» тақырға отырғызған Марғұлан Сейсембайдан 192 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бірақ Лондонда тығылып жатқан Марғұлан тағы да ықпалды екі «көкесін» іске қосып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға қол жеткізді. Инсайдерлік ақпарат көздері мұндай «жетістікке» жету үшін Марғұлан Сейсембай әлгі «көкелеріне» ұрлаған ақшасынан 250 млн доллар «сыйақы» бергенін айтады. Сөйтіп, 2012 жылдың ақпан айында Жоғарғы сот «Альянс банк» АҚ тарапынан қойылған талапты қанағаттандырмай тастайды.

Дәл осы жерде баса назар аударатын мынандай «қызықты» бір жайт бар. Алматы қаласы Медеу аудандық соты Марғұлан Сейсембайды ҚР «Қылмыстық кодексінің» 220 бабымен айыптап үкім шығарса, Жоғарғы соттың шешімінен кейін, Бостандық аудандық соты Медеу аудандық соты шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдайды. Сот тәжірибесінде бір аудандық соттың шешіміне екінші аудандық соттың араласуға ешқандай құқығы жоқ. Шамасы, «жұмыртқа патшасының» қалтасынан шыққан 250 млн доллардың құдіреті ондай «ұсақ-түйекті» елемейтін-сынды.

Банкир бола алмаған Марғұлан «Альянс банкты» 100 теңгеге «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына сатып «құтылды». Банкты банкроттықтан сақтап қалу үшін және салымшылардың қаржысын қайтару үшін мемлекет банкке тағы да орасан зор қаржы құйды. Анығырақ айтқанда, бір Марғұланның әлегі қарапайым салық төлеушілердің бюджетке құйып жатқан қаржысына да қол салуға мәжбүр етті.

2018 жылдың ақпа айында Марғұлан Фейсбук желісіндегі парақшасында: «Достар, мен Қазақстанға қайтып келемін. Қазір Мәскеудемін. Менің және отбасымның қауіпсіздігі үшін ең жоғары дәрежеде кепілдік берілді. Сонымен, өмір ары қарай жалғасады! Біз әлі де бірге көп нәрсені іске асырамыз! «Жоғарыдағы» (аты-жөндерін атамаймын) түсіністікпен қараған жандарға рақмет айтамын... Қазақстанда қайта кездескенше!» деген жазу қалдырды.

«Жұмыртқа патшасы» елге оралғасын, «Алель агро» фабрикасының құрылысын 26 гектарға кеңейтті. Балық өсіретін ферма ашты. Алма мен жаңғақ бағын отырғызды. Қоғамдық өмірге белсене араласты. Экспедициялар ұйымдастырды. Қысқасы, тасы қайта өрледі.

Жақында тағы да әлеуметтік желіде «Үйімнің айналасын 30-40 адам (шамасы, комитетчиктер болуы керек) торып жүр. «Алель агро» компаниясының басшыларын субсидяиға қатысты тергеп, қыспаққа алып жатыр. Мен акционер болғаныммен, ол іске титтей де қатысым жоқ», деген сыңайда жазба қалдырып, елді тағы бір дүрліктірді. Қарапайым логикаға салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті қызметкерлері Марғұланды «ұстау» үшін кеңседе бірі де қалмастан, шұбырып, өріп кеткендей көрінеді. Бір күдіктіні тұтқындауға әрі кетсе 3-4 адам ғана жеткілікті екені белгілі. Марғұланның бостан-бос байбалам салғанын көрген Мұхтар Тайжан да оңдырмады. «Алған субсидиясы заңсыз болса, жауап берсін!» деген сыңайда бірнеше пост жазып, жекпе-жек дебатқа шақырды. Бірақ Марғұлан дебатқа қатысудан бас тартты. Оқиға осымен әзірше саябырси қалды.

Оқырманға бір нәрсе айдан анық. Еліміздің төтенше жағдайға көшкеніне айдан асты. Бұл жағдай мамыр айының ортасына дейін созылуы мүмкін.

Ал мультимиллионер Марғұлан Сейсембай дәл осы кезде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, ішер ас, тістер нанға жарымай отырған бірде-бір отбасына көк тиын пайда тигізбегені белгілі. Оған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен гөрі, қалтасына басқан миллиардтары маңызды. Әлі аман болсақ, Марғұланның талай әлегін көретін сияқтымыз.

Тоқтар ЖАҚАШ,

"Жас Алаш" газеті

Айдары: Бақ-бақ 28.04.2020 212

Қатысты мазмұн