Маңғыстау облысында ірі мұнай кеніші ашылды

none

Маңғыстау облысында ірі мұнай кеніші ашылды. Бұл ақпаратты 25 ақпанда жергілікті билік хабарына сүйенген атыраулық "Ақжайық" басылымы хабарлады.

Жаңа кеніш Маңғыстау мен Бейнеу аудандарының түйіскен тұсында Тепке аумағында орналасқан. Оның жанында Қарақұдық, Арыстан және Комсомольское кеніштері бар. Ресми ақпарат бойынша, кенішті "Меридиан Петролеум" компаниясы игереді.

Зерттеуге сай, кеніште жеңіл, күкірті аз мұнай стандартты амалдармен өндірілмек. Көмірсутек қорының көлемі ұңғыма құрылысы аяқталып, игерілгеннен кейін анықталады.

"Меридиан Петролеум" компаниясының президенті Балтабек Қуандықовтың айтуынша, 2018 жылы Тепке аумағында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, болашағы бар делінген 6 нысан анықталған. Ол кенішті "Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстау облысында ашылған ең ірі кеніш" деп атады.

Ақпарат бойынша, Қазақстан мұнайының 25 пайызы Маңғыстау облысында өндіріледі. Басым бөлігі Жаңаөзен қаласы мен Бозащыда шоғырланған. Облыс аумағында 60-қа тарта мұнай-газ кеніші барланған.

Айдары: Найзағай 26.02.2021 117

Қатысты мазмұн