«Мамайлап» митинг өткізудің мәні бар ма?

none

Мамайшылар бүгін митинг өткізді. Митинг деп айтуға тұрмайды. Ағайынды Достияровтарды қосқанда үш адам, Инганы қоссақ, төрт адам, «Мамай» жобасын билікпен байланыстыратын саяси "делдал" Төлеген Жүкеевті қоссақ, бес адам болып көшеге шығыпты. Ұраны біреу – «Мамайға бостандық». Олар үшін бүткіл елдің проблемасы осы секілді.

Ақиқатында, митинг деген елдегі өзекті проблеманы көтеру үшін жасалатын еді. Сол үшін жиынға халықты көптеп тартады. Проблеманың өзектілігін түсіндіреді. Мамайшыларда ондай жоспар атымен жоқ. Митингіні халыққа арнап емес, билікке маңызды мәселе бойыша халықтың талабын қою үшін емес, бір мезеттік хайп үшін жасағаны көрініп тұр.

Екіншіден, қамауда жатқан Жанболат Мамайдың құқықтық статусына қарасақ, ол ҚК-тің ең жеңіл бабымен (біреуді қорлау, жалған ақпарат тарату) айыпталып жатыр. Ақиқатында, Мамайды да, оның саяси кураторы Жүкеевті де қорғансыз қарапайым қазақтар секілді «Қаңтар оқиғасына» қатысты жауапкершілікке тартуға әбден болар еді. ХАлматыда ең алғаш болып жиналған халықтың делебесін қоздырған осылар. Оған видео факт жетеді. Дегенмен, билік олай істеген жоқ, «Қаңтар оқиғасына» байланысты мамайшылдарға қарсы іс қозғамады. Мұның себебі бар. Мамай – биліктің саяси жобасы. Сондықтан «қарға қарғаның көзін шұқымайды» - билік өз адамына соншалықты қысастық жасамайды.

Үшіншіден, «Мамай» - биліктің жобасы екенін айттық. Ол әшкере болып қалған. Халық ішінде «басқалар митингіге шықса бассалып қамап тастайды, ал Мамай мен Жүкеевке келгенде оларға неге тиіспейді…» деген күдікті сұрақ қайта-қайта айтыла берген соң Мамайдың беделін қайтадан көтеру керек болды. Былайғы жұртқа көз қылып Мамайды жеңіл баппен айыптағансып қамап тастағаны сондықтан.

Мамайдың қамалғанынан қалың қазақ хабарсыз қалды. Оларға қалай білдіру керек? Олардың құлағына осы «жаңалықты» қалай жеткізу керек? «Хабар» арнасынан «Мамай қамауда жатыр» деп айтпайды ғой енді. Олай істесе жұрт тағы да «Мамай – Ақорданы жобасы» деп күңкілдейді. Мұндайда шағын митинг өткізіп жіберу- табылғаны тәсіл. Оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып қойса, тіпті тамаша болады. Сондықтан бүгін 4-5 мамайшы «Мамайға бостандық» деп айқайлап көшеге шықты.

Полиция да «Мамай жобасына» деген жұрттың қызығушылығын арттыру үшін шауып жүр. Жетіп келіп, екі-үш мамайшыны дедектетіп жетектеп кетті. Инга Иманбай мен Төлеген Жүкеевке көңіл бөлмеді, оларды тастап кеткен. Инга әбжіл қимылдайды екен, ұсталғандардың соңынан қуып барып, полиция мәшинесіне өзі секіріп мініп алғандай көрінді маған… Бұдан әрі «оқиға орнынан» түсірілген видеоны көргім келмей кетті. Тым арзанқол хайп, етек-жеңі жабылмаған саяси пиар екен.

«S»

Айдары: Түтін 06.05.2022 104

Қатысты мазмұн