Мамайдың тағдыры қалай шешіледі немесе «Мерлезон балетінің» жалғасы

none

«Отбасының» жоспарлы билік транзиті сәтсіз аяқталғаннан кейін талайдан бері өзін оппозиционер деп көрсетіп жүрген, бірақ Ақорданың саяси жобасы екені көпке мәлім Жанболат Мамайдың ендігі векторы анықталмай тығырыққа тірелген сияқты. Әлде мұның бәрі сценарий бойынша ма?

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон 13 маусымда жасаған мәлімдемесінде тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі, ақпанның соңынан бері Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, оны қамаудан босатуға тағы да шақырыпты. Осынау беделді, бірақ Қазақстандағы саяси интригадан бейхабар ұйым Мамайды шынымен де бітіспес оппозиционер деп ойласа керек. Олай болса, көрініс жақсы, сенімді қойылған.

Жанболат Мамай 16 ақпанда Алматыда саясатқа қайта оралған Болат Әбілев ұйымдастырған Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алу шарасынан кейін "рұқсат етілмеген митинг өткізді" деген айыппен 15 күнге қамалған. Кейін 26 ақпанда оның үстінен "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Содан соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тағылды. Бір қызығы, осы істі қозғауға түркі болған аталмыш жиынға оппозицияның басқа да белсенді жетекшілері қатысты, бірақ билік оларды Мамай секілді қамауға алған жоқ. Назары Мамайға ғана түсіпті. Бұл туралы егжей-тегжейлі жазылды да (https://serke.org/news/mamajdan-mandela-somdaugha-bola-ma).

10 маусымда сот Мамайдың қамау мерзімін 9 шілдеге дейін ұзартқаны белгілі болды. Егер істі қарау нәтижесінде ол кінәлі деп танылса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Осылайша, Мамайдың саяси өмірбаянында Қаңтар оқиғасынан кейінгі жаңа тарау басталып кетті. Бірақ «Мерлезон балетінің» жалғасы қандай болмақ? Соңғы кездері сәтсіз «қойылған көріністерден» кейін беделі қатты төмендеп кеткен Мамайдың саяси ұпайы көбейіп, оны Манделамен немесе Навальныймен тең қоятын тренд басталады ма? Қазірдің өзінде Мамайдың жақтастары істің саяси астары бар деп айқайлаудан жалығатын емес. Әлде Мамай Ақорданың бұрынғы иелерінің жобасы болған соң, оның үстіне биліктен кеткен Назарбаевтарға тас ату жаппай құбылысқа айналғандықтан, оның мән-мағынасы болмай қалды ма? Мамай саяси ойын сахнасындағы қызметін жалғастыратын болса, оның ендігі бағыт-бағдары мен ойнайтын рөлі қамауда отырған кезінде анықталуға тиіс.

S

Айдары: Дүрбі 14.06.2022 55

Қатысты мазмұн