«Мамай жорығы» маңызын жоғалтты

none

Тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» жетекшісі Жанболат Мамай күн санап беделін жоғалтып жатыр. Оның биліктен рұқсат алған митингісіне қатысудан оппозициялық күштер бас тартып, кейбір белсенділер оған қарсы насихатты күшейтті. Саяси ахуалдың осылай қалыптасуына бірінші кезекте Мамайдың өзі кінәлі секілді. Неге? Біз осы сұрақққа жауап іздеп көрейік.

Мамай күз басталғалы бері екінші рет биліктен митинг өткізуге рұқсат алды. Бұл жұрттың көңілінде бұрыннан бар күдікті, «Мамай – биліктің саяси жобасы» деген болжамды нақтылай түскендей әсер қалдырды. Екіншіден, Мамайдың ұйымдастыруымен өткен бірінші митингінің талабында банктердің бір реттік несие амнистиясын жасау (халықтың банк алдындағы қарызын кешіру) мәселесі айтылған. Осы тақырыптың алдағы митингінің күн тәртібіне қайталап енгізілуі Мамайға деген күдікті одан сайын күшейтті. Жұрт бекер күдіктенбеген екен, Жанболат Мамай несиеге жеңіл машина алған, сол қарызды әлі өтеп болмаған. Бұл жерден Мамайдың «несие амнистиясы» мәселесінде жеке мүдде, бас пайдасы қылаң береді.

«Халыққа адал қызмет» (ХАҚ) қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қожалиева Мамай көтеріп жүрген екі мәселемен келіспейді. Соның бірі – «несие амнистиясы», екіншісі «саяси реформасыз өтетін сайлауға бойкот жариялау». ХАҚ жетекшісі Т.Қожалиева «Мамай коммерциялық банктердің мүддесін күйттеп отыр ма» деп күдіктенеді. Оның ойынша, «несиелік амнистия жасау үшін банктерге үкімет ақша құюы тиіс. Онсыз клиенттерінің қарызын кешіруге банктердің әлі жетпейді. Мамай митингілеп, үкіметке саяси қысым жасай отырып, банктерді экономикалық тығырықтан алып шықпақшы. Мамайдың мұндай әрекетін банктер де қолдайды. Себебі, банктен алған несиесін өтей алмай отырған адамдардың саны бірнеше миллион. Олар алған қарыздың қайтуы неғайбыл. Осы шығынды үкімет есебінен жаппаса, ерте ме, кеш пе, банктердің күні қараң болады. Егер проблемаға осы тұстан қарасақ, онда «несиелік амнистия» тақырыбын езеуреп жүрген Мамай қарапайым халықтың қамын ойлап жүр ме, сауатсыз менеджмент жүргізген, жеңіл жолмен тез пайдаға кенелгісі келген ашқарақ банктердің мүддесін күйттеп жүр ме» деген екұдай ойға қаласың. Оның үстіне, әділеттілік деген мәселе бар: несие алып, оны өз игілігіне жаратқан адам қарызды қайтаруы тиіс. Бұл талап қатты қысылса да, несие алмай үнеммен күн көріп жүрген басқа жұрт үшін әділетті шешім болады. Мамай «несие амнистиясына» қадалып алмай, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау мәселесін көтерсе, сол әділеттілік жолындағы саяси күрес болары анық. Мұндай жағдайда несиесін өтей алмаған адам заңға сүйеніп өзін «банкротпын» деп жариялайды. Сонда «банкроттықтың» салдары банктің проблемасы болып қалар еді. Сонда банктер әлдебіреуге несие бермес бұрын көп ойланып, көп толғанады, банк менеджментін жақсартады, несиенің үстеме пайызын мүмкіндігінше азайтады және т.б.с.с. Нәтижесінде, қаржы секторында тұрақтылық орнап, банктердің сауатсыз әрекетінен туындап жатқан әлеуметтік проблема өз шешімін табады.

Қайта-қайта митингілей беретін Мамайдың көтеріп жүрген «сайлауға бойкот» тақырыбына келсек, мұнда да оның жеке мүддесі байқалады. Ол келесі жылдың басында Мәжіліс пен мәслихат сайлауының болатынын білді, бірақ партиясын межелі мерзімге дейін тіркетіп үлгере алмады. Партияның аймақтардағы құрылтайын сәтті өткізген-ақ еді, бірақ жолай басқа мәселемен шұғылданып кетіп, партияны Әділет министрлігіне апарып тіркеу ісін ұмыт қалдырды. Әрине, халықпен тығыз жұмыс жасауды талап ететін бұл шаруаға коронавирус індетінің құтырып кетуі де бөгет болды. Соның кесірінен Мамай «Қазақстанның демократиялық партиясын» тіркете алмай қалды. Ол бастаған «демократтардың» тіркеуі бар басқа партия құрамынна кіріп сайлауға қатысуға құлқы жоқ. Сондықтан олар «саяси реформасыз сайлауға бойкот» деп ұрандап жүр. Ал оппозицияшыл топтың басым бөлігі «бойкотпен» келіспейді, сайлауға белсене қатысып, билік партиясының сағын сындыру үшін басқа кез келген партияға дауыс беру демократия прициптеріне сай деп санайды. Сондықтан алдағы сайлауда осындай тактика ұстануды жөн санайтындар Мамайдың митингісіне баруды, оны қолдауды жөн санап отырған жоқ.

Оппозицияшыл топтың Мамайды қолдамауының тағы бір себебі бар. Өткен аптада құқық қорғаушылар Төреғожина мен Ағелеуов ұйымдастырған митингіге Жанболат Мамай барған. Қоғам белсенділері мен саясаткерлер мінбеге шығып сөз сөйледі, митинг тақырыбына қатысты пікір айтып, қолдау білдірді. Оппозицияшыл қауым осылайша «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жатқанда, Мамай оларды сырттай бақылап, сынап тұрған адамның кейпін танытып, сүт пісірім уақыт тұрды да, жылыстап кетіп қалды. Оның бұл әрекетін оппозицияшыл қауым сөкет көріп жатыр, кейбірі тіпті кек сақтап қалыпты. Осы көңіл-күй де алдағы митингіге кері әсер беріп, Мамай митингісінің қоғамдық маңызын төмендететін секілді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 10.11.2020 131

Қатысты мазмұн