Мамай вакцина салдырыпты. Оны кім мәжбүрледі?

none

Өзін билікпен бітіспес оппозициядай көрсетіп жүрген Жанболат Мамай қасындағы сегіз жақтасын ертіп барып, Ресейдің Спутник вакцинасын су тегін салдырып алыпты. Сол ісін жауды жайпап келген батырша жарналап жатыр. Айтуынша, жоғары лауазымды шенеуніктер вакцина егуден қорқып жүр-мыс. «Ал біз қашан да халықпен, елмен біргеміз. Билік қорықса, біз қорықпаймыз» депті Мамай.

Мамай бұдан бұрын ютуб желісінде Спутник вакцинасының әсері мен тиімділігі әлі толық тексерілмеген, адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін деп жұртты азғырып еді. Спутникті негізге алып Қарағандыда жасалған қазақстандық вакцинаға сенімсіздік танытқан. Енді өзі Спутникті ектіріп, жарнамалап жатыр. Сонда ол мына сөзді Спутник вакцинасы да жаман екпе емес екеніне көзі жеткен соң айтты ма, әлде оны біреу мәжбүрледі ме? Сірә, екінші вариант дұрыс сияқты. Себебі Мамайдың саяси жоба екенін, «билік түзу сызса, жүретінін, көлденең сызса, тоқтайтынын» жұрттың бәрі біледі. Биліктегі саяси жобаның авторлары Мамайға «барымыз да, нарымыз да Спутник, қарабасып Спутникке қарсы шыға көрме, қайта вакцинаны бір мәрте жарнамалап жібер» десе керек.

Бұл болжамды Мамай мәлімдемесіндегі мына бір сөзден де байқаймыз. Ол вакцина салдыруының бір себебін «алда қаншама митингтер ұйымдастырамыз, жиындарға қатысамыз. Көптеген адамдармен кездесеміз. Оларды да қауіп қатерге қалдырмауымыз керек» деп түсіндіріпті. Ол осы сөзі арқылы екпені өз еркімен емес, әлдебіреудің айтуымен салдырғанын байқаймыз. Себебі, өткен аптада билік рұқсат еткен митингіде Мамай мен оның жақтастары маска кимей, жұртқа түкірігін шашып сөйлеген. Олардың сол қылығы қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады. Жоғары жақтағы жоба авторлары осы сыннан құтылу үшін Мамайға «давай, вакцина салдырыңдар, әйтпесе бұдан былай митингіге рұқсат берілмейді» деп қатаң ескерткен секілді. Әрине, бұл тапысырма жұрттың көңілінен шығады.

Жоба авторлары ылғи Мамайға тиімді әрі ұтымды ақыл айтып жүреді. «Полиция сендерді қамамайды, кеттлингке алады, памперс киіп алсаңдар қиналмайсыңдар» деп өте ұтымды кеңес берген де солар сияқты. Енді мәжбүрлеп вакцина салдыртыпты.

Ақиқатында, Мамайға айтылуы тиіс жөндем ақыл - коронавирус індетінен құтылған митинг ұйымдастырмай-ақ қойғаны. Бәрібір оның митингісінің мәні де, мінбеден сөйлеген сөзінің дәмі де жоқ. Билік рұқсат берген митингіге 150-ақ адам жиналады. Мамайышлар митинг алдындағы он күн бойы халық көп жиналатын жерлерге барып, жұртты митингіге шақырып үгіттеді. Сондағы жиналған адам саны анау. Мамайшылар митингі рұқсатсыз шықса, онда оларға қосылатындар саны оншақтыға жетпейді. Неге? Себебі Мамай мен мамайшылдардың нақты саяси-экономикалық-әлеуметтік-мәдени бағдарламасы жоқ. Сондықтан көтеретін мәселесі де, митингісінің тақырыбы да жалпылама, мәнсіз, халықтың жан-дүниесіне қозғау сала алмайды, ал өздері жап-жас болса да солбыр қимылдайды. Бұдан гөрі мамайшылар өздеріне өздері карантин жариялап, «Не істейміз?» деген ұлы сұрақты жабылып алты-жеті ай талқылағаны дұрыс секілді. Өстіп дүмбілез болып, басын қаңғырлатып анда да соғып, мұнда да соғып жүре бермей, саяси тұрғыда әбден пісіп-жетілген соң ғана халық алдына шықса деген тілек бар. Әйтпесе, Мамай халықты мезі қылып жіберді ғой...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 05.04.2021 129

Қатысты мазмұн