Мамай синдромы

none

Басыңа проблема керек пе? Ендеше Мамаймен жұмыс істес. Бұл шындықты жақын күндері Демпартияның өзге өкілдері де түсінеріне күмән жоқ.

Шегірткенің айғыры. Ол өз өтірігіне өзі сенгені сонша, өзін көшбасшы деп ойлап жүр. Аузынан түкірігі шашырап, қолын оңды-солды ауаға сермейді. Қысқаша айтсақ, YouTube-тан канал ашып, әркімге бір тиісіп, ұрынарға қара таппай жүр. Бірақ, халық оның және артынан ергендердің кім екенін өте жақсы біледі.

Артынан ергендері деп сол Демпартияның өкілдерін айтып отырмыз. Олар Мамайға ұқсап-баққысы келеді. Ал, Мамай болса қазақтың Навальныйы боламын деп жүр. Бірақ, алғашқыларының генінде сәл де болса имандылық, тектілік бар сияқты (1-2%), өйткені олар дәл Мамай сияқты бола алмай жүр (Мамайды қайталау үшін құдайдан жалаңаяқ безген адам болуың керек). Сондай-ақ, Мамайдан да ешқандай Навальный шықпағанын аңғару түк қиын емес: Навальный ешқашан біреуді дәлелсіз айыптамайды, иманын сатып өтірік айтпайды.

Дәлелсіз айыптау Мамай мен оның жақтастарына ортақ «қасиет». Мәселен, жуырда ғана Демпартия өкілі Аружан Дүйсебаева шенеунік-әнші Сәкен Майғазиевті жемқор деп айыптады. Оның сөзіне сенсек, Майғазиев Шымкентте Мәдениет үйін басқара отырып, карантинге қарамастан, Наурыз мерекесін тойлауға жарты млрд теңгені заңсыз жұмсаған. Бірақ, Аружан өзінің бірде-бір сөзін дәлелдей алмады. Ал, Майғазиев болса сотқа жүгініп, өзінің ар-намысын заң шеңберінде қорғағалы жатыр.

Аружан Сәкеннен мұндайды күтпесе керек, сөзіне дәлел келтірудің орнына ол аузынан түкірігі шашырап: «Сәкен Майғазиевтің ары таза болса, жемқорлыққа қатысы болмаса неге халықтың алдына шығып, өз позициясын ашып айтпайды?» дейді. Қызық, біреу сені ауыр қылмыс жасады деп айыптап жатса сен неге жасамаған қылмыс үшін халықтың алдына шығып ақталуың керек?! Заң бар, сот бар...

Осыған қарап, Қазақстанда «Мамай синдромы» деген жаңа термин енгізу керек деген тұжырымға келдім. Яғни, мәселенің мән-жайын анықтамай, ешбір дәлелсіз біреуді айыптау, қоғамның сөзіне құлақ аспай, «менікі ғана дұрыс» деген позиция ұстану, өзіңнің топас екеніңді мойындамау – «Мамай синдромының» негізгі белгілері.

Ал, Аружан Дүйсебаева қандай синдромға шалдыққанына қарамастан енді сот алдында жауап беруі тиіс. «Басқа бәле тілден» демекші, қазір аузыңнан шыққан әрбір сөзге жауап беретін заман.

Бірақ, Мамай мен демпартиялықтар соттасудан тек ләззат алатын сияқты. Олар үнемі өздерін құрбан етіп көрсетіп, содан ұпай жинауға машықтанған. Бір қызығы, олар сотта өздерінің жеңілетінін біліп, оны алдын ала айтып отырады... Аружанның сотта жеңілетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ, оны уайымдап жүрген Мамай жоқ. Кіп-кішкентай нәзік қызды ол проблемамен бетпе-бет қалдырып, өзі Түркияға демалуға кетіп қалды.

Шынын айтқанда, Мамайдың өз жақтастарына түкіргені бар. Ол өзін Қазақстандағы саясаттың жаңа жұлдызымын деп есептейді. Жеме-жемге келгенде, яғни жеке бас пайдасы үшін жақын бауырын да лақтырып кетуі ғажап емес. Басыңа проблема керек болса Мамаймен істес бол дегенім осы.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 06.08.2021 162

Қатысты мазмұн