Мамай не істеп жүр?

none

Парламент сайлауы жақындап келеді. «Нұр-Отан» праймериз жариялап, көпшілік дауыс алуға жанталасуда. Азат Перуашев басқаратын «Ақ жол» партиясының да мұрнынан құрт түсіп тұр. Яғни, алдағы сайлауда мәжілістен тағы да орын алары сөзсіз. Тіпті, Жамбыл Ахметбековтың коммунистік партиясы да үгіт-насихат пойызын шығарып, бүкіл елді аралап шықпақ. Қанша мандат алатыны маңызды емес. Әйтеуір әрекетсіз жатқан жоқ. ЖСДП-ның да әлдебір жоспары бар сияқты.

Ал «көше көсемі» Жанболат Мамайдың дайындығы қандай? Алдағы сайлауға өздерін ұсынатын ойы бар ма? Әлде, «анау-мынау» сылтаумен бұғып қала ма? Егер, сайлауға қатысып, мандатқа таласпайтын болса, саясатқа келіп несі бар? Менің достығымда өзі де, Инга да жоқ екен. Сан сұраққа жауап іздеп, интернетті ақтардым. Сөйтсем, былай екен: «Жас алаш» газетінде жарияланған «Мамай қандай жоба?» деген мақалада белгілі журналист Ораз Әлімбек «Жоба жас саясаткер Жанболат Мамайға демократия атауымен партия (ҚДП) құрғызып, сол арқылы алдағы парламент сайлауының көрігін қыздыру үшін псевдо-бәсеке жасауды мақсат тұтпайды. Мұны Жанболат Мамай мен оның белсенді әйелі Инга Иманбай да, жоғарыдан түсірілген құпия жобаның оппозициядағы "сұрқай кардиналы" Төлеген Жүкеев те жасырып отыр», - деп пікір айтады. Одан соң, Жанболат Мамай шақырған Құрылтайы және оның өтпей қалу себебін екшей келе: «Мамай» жобасын о бастан алаң жұртқа, көшеге бағыттау жоспарланған. Ол ішкі қысымы күшейген қазанның буын әлсін-әлсін шығарып тұратын клапанның рөлін атқаруы тиіс» деген қорытындыға келеді. Мамайдың бүгінгі сайлау алдындағы үнсіздігі мақаладағы осы қорытындыны қуаттап тұрғандай. Жалпы, Жанболат Мамайдың шын мәнінде оппозициялық қозғалыс құрғанына көпшілік сенбейді. Белгілі журналистердің біршамасының пікірі мынандай екен:

Талғат Айтуарұлы, жазушы:

«Қазақстанда алаңға шыққан аналарды, пикетке шыққан жалғыз адамды полиция ұстайды да, Мамай алаңға шықса ұстамайды. Оған журналистік қызметпен айналысуға да 3 жылға тыйым салынған. Жоқ, оны ұстамайды да, қамамайды да. Мен Жанболатқа жау емеспін. Оның қазақтың жоқшысы болып жасаған фильмдерін құптаймын, саясаттағы ұстанымын, сөйлеген сөзін жақсы білемін. Бірақ бүгінгі жағдайдағы әрекеттері көңілге күдік ұялатады. "Аузы күйген үріп ішер" демекші, Қосанов жобасы қайталанбаса екен деймін ғой. Халық тағы да алданып, өкініп қалмаса деген ой менікі».

Бақытжан Қосбармақов, журналист:

«Әсіресе, оның қасынан Төлеген Жүкеевтің қылаң беруі күдікті қоюлата түседі. Жүкеев – сақа саясаткер болғанмен, бұқпантай, бір бүгдесі ішінде, сұрқай фигура. «Сұр кардинал» саналатын ол – 2001 жылы ДВК-ның, кейін "Ақ жолдың" ыдырауына атсалысқандардың бірі. Тіпті алты бақан алауыз қазақ оппозициясының қара жәшігі соның қолында болса да таңғалуға болмайды. Ал кешегі Ә.Қосановтың серіктері, саяси жандайшап Ермұрат Бапи мен Ғалым Ағелеуов Ж.Мамайға көлеңкесін түсірмесе, мәртебесін көтермесі анық. Сондай-ақ, Сергей Дувановтың да пәктігіне сенім аз. Соңғы кезде оның көп сүрініп, шатқаяқтап жүргені жасырын емес.

Жұрт ескермеген тағы бір жәйт – сәл бұрын Ж.Мамайдың тұяқбайшыл ЖСДП-ны төңіректегені. Тіпті ол ЖСДП-ны реанимация жасап, тірілтіп алмақшы да болды. Бұл оның қандай саяси ойынға да дайын екенін көрсетсе керек».

Осыдан кейін, Мамайдың көшеге шығып: «кредитімізді кешіріңдер!» деген бос айқайынан нәтиже шыға ма? Елдің саяси-әлеуметтік, экономикалық түйткілдері қалай болғанда да көшеде шешілмейді. Оны қазір мектеп оқушысына дейін жақсы біледі. Сонда Жанболат халықтың ең осал жерін түртпектеп не іздеп жүр? Өз басым Жанболат Мамайды адам ретінде, журналист ретінде түсінгім келеді. Бірақ әу бастағы қадамынан бастап, осы күнгі тірліктеріне дейін ешқандай логикама сыйғыза алмаймын. Оппозициясың ба, ісің мен тірлігің күдіксіз болсын да! Ал Мамай туралы ойласам, кеудеде күдік көп! Шыныңды айтшы, Мамай, сен кімсің?

Тоқтар Жақаш

(Жазба автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 30.08.2020 93

Қатысты мазмұн