Мамай мен Иманбай соттың әділ өтуіне мүдделі емес – заңгер

none

Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қатысты жариялаған видеоматериалдары үшін азаматтық сотта жауап беріп жатыр. Байбектің заңгері Айжан Тәшенованың пікірінше, ерлі-зайыптылар мен олардың адвокаттары бұл соттың әділ өтуіне мүдделі емес сыңайлы.

Дәлел құжаттарын екі айға дейін ұсына алмаған жауап беруші тарап тек соталды дайындыққа бір күн қалғанда ғана құжаттар пакетін алып келген екен. Оның өзі 2 мың беттен тұрады.

«БАҚ туралы заңға сәйкес, халықаралық журналистика стандарттары бойынша журналист қандай да бір материалды жарыққа шығармастан бұрын қолында оны растайтын дәлелі, дереккөздері болуы тиіс. Алайда, жауап беруші тарап бізді 2 айға жуық уақыт тек құрғақ уәдемен тойдырып келді. Тіпті, алғашқы соталды дайындық отырысында дәлелдерін іздеуге және жинауға уақыт сұрады.

Енді міне, сот қойған мерзімнен кешіктіріп жауап берушілер кеше кешке 2 мың беттен тұратын жауап ұсынды. Мұны олар 10 күн бұрын әкелуі керек еді. осылайша Мамай мен оның қорғаушылары судьяға және маған материалдармен танысуға қиындық туғызды», - дейді заңгер А.Тәшенова.

Оның пікірінше, мұндай қадаммен Мамай мен Иманбаева өзінің шынайы бет-бейнесін көрсеткен. Яғни, олар соттың әділ және объективті өтуіне мүдделі емес дейді Байбектің заңгері. Ал, олардың сотқа ұсынған жауабында ешқандай дәлел келтірілмеген екен.

«Мен бұл іспен екі айдан бері айналысып келемін. Адамды дәл бұлайша негізсіз қаралап, бірнеше видео жариялау үшін кім болу керек? Бұл тек заң нормаларын бұзу емес, жалпы адами мораль принципін бұзу. Олардың жауабымен таныса келе мен құжаттарда ешқандай дәлелдің жоқ екеніне, тек бос сөз екеніне көз жеткіздім», - деді Айжан Тәшенова.

Айта кетейік, Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай биыл сәуір айында Бауыржан Байбекті ауыр айыптап, бірнеше видеоролик жариялаған болатын. Артынша, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары сұхбат беріп, Мамайдың айтқан әрбір дерегін теріске шығарды. Артынша ол өз ар-намысын заң аясында қорғайтынын мәлімдеп, сотқа жүгінді.

Айдары: Түтін 04.06.2021 103

Қатысты мазмұн