Мамай мелодрамасы

none

Саясатқа кірген адамның жеке өмірі болмайды. Қолдаушылары саясаткердің моралдық келбетін жете білсе ғана оған сенім артады. Мұның бәрін, тіпті әйелмен немесе еркекпен болған интимді қарым-қатынасын саясаткер өз еркімен жария етіп жүргені дұрыс. Бұл оның қоғамға ашық екенін, ештеңені бүгіп қалмайтынын, қолдаушылары көрсеткен сенімге адалдығын көрсетеді. Егер саясаткер бір нәрсені қоғамнан жасырып қалса, онда ол бәрібір әшкере болады, күндердің-күнінде құпиясы ашылады. Мұндай әрекетті жасайтын оның бәсекелестері немесе қоғамның санитары саналатын журналистер. Олар тіміскіленіп жария саясаткердің халықтан жасырған құпиясын іздеп табады.

Қазақстанның саяси тарихында да қоғам қайраткерлерінің интимдік әрекеті әшкере болған оқиға көп. Араққа сылқия тойып алып боқауыз сөз айтқандардың да, саунада жезөкшелермен жүргендердің де, төсекте бөтен әйелмен жатқандардың да видеосын көріп жүрміз. Сондай оқиғаның соңғысы - шетелде бойтасалап жүрген Мұхтар Әбілязовке қатысты видео. Онда Әбілязовке ұқсайтын тырдай жалаңаш еркек пен Козловскаяға ұқсайтын әйелдің екеуара интимдік қатынасы бейнеленген-ді. Дегенмен, Әбілязовтің оппозицияшыл саясаттағы басты бәсекелесі Жанболат Мамай қатысқан дәл сондай интим видео әлі жария болған жоқ. Бұл жағдай Жанболатты «сүттен ақ, судан таза» періште қылып көрсетпейді. Жанболаттың махаббатағы жолы саясатпен қым-қиғаш қайшыласып кеткен, тіпті оның жеке таңдауына қатысты мәселе оппозицияшыл саясаткерлердің талқысына түсіп, солардың ақыл-кеңесі бойынша екі мәрте шешімін тапты. Алғашында Жанболат Мамайдың жеке өміріне Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның әйелі Маржан Аспандиярова араласса, екінші жолы Төлеген Жүкеев саясат алаңына қадам басқан жігіттің тағдырын түбегейлі анықтап бергендей болды.

«Жас алаш» газетін Рысбек Сәрсенбайұлы басқарып тұрған тұста Жанболат басылымның журналисі еді. Жанболат басылымның есеп-қисап бөлімінде жұмыс істейтін жас қызға (оны шартты түрде «Оля» деп атайық) көзі түседі. «Оля» Маржан Аспандияроваға туыс болып келетін. Сол қыз Жанболаттан жүкті болып қалады. Бірақ Жанболат «Оляға» үйленуден үзілді-кесілді бас тартады. Екі жастың арасындағы мәселеге басылым басшысы мен Маржан Аспандиярова араласып, Жанболатты «Олямен» некелесуге және нәрестеге фамилиясын беруге әзер көндіреді. Әрине, олар бұдан кейін ерлі-зайыптылар секілді бір шаңырақ астында бір күн де тұрған жоқ, кейін ажырасып кетті. Бұл оқиға 2010 жылдары болып еді. Қазір «Оля» Жанболаттан туған қызы екеуі қоңырқай өмір сүріп жатыр...

Жанболат Мамай өмірінде бұдан кейін дәл осындай жағдай тағы қайталанды. «Рух пен тіл» клубы, «Ашынған қазақ» секілді жобалар жасап жүріп ол журналист Инга Иманбаймен жақындасты. Инга да «Оляның» тағдырын қайталады – жүкті болып қалды. Оппозицияның ішкі құпиясына қанық дереккөз Жанболаттың «қолымен істегенін мойнымен көтеруден» бас тартып, тағы да қашқанын айтады. Бірақ, Инга «Оля» сияқты тұйық адам емес, ол дереу өзінің басындағы проблеманы псевдооппозиция лидерлеріне жеткізіп, «қайтпек керек» деп, ақыл-кеңес сұрапты. Бұл шаруға талай саяси жобаның авторы болған, «оппозицияның сұр кардиналы» деген атқа лайық Төлеген Жүкеев араласады. Ол өзінің кезекті саяси жобасына Жанболатты қосқысы келіп алақанын ысқылап жүрген болатын. Егер Инга дау-дамайды өршітіп жіберсе, саяси жоба жөргегінде тұншығып қалатынын түсінген Жүкеев өзі үміт артып отырған Жанболатқа қысым жасайды. Бұл келелі істің нәтижесін көріп отырмыз – Инга мен Жанболат үбірлі-шүбірлі болып, бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатыр. Жүкеев жасап берген саяси жоба да жемісін берді: Жанболат еңселі үлкен үй алды, жиһаздарын екі жыл сайын ауыстырып, заманауи тұрмыстық техниканы пайдаланып отыр, отбасы үнемі жаңа машина мінеді, қыздары Алматыда оқу ақысы қымбат Tamos education атты элиталық мектепте оқиды және т.б.с.с. Ал «Оляның» қызына «Жанболатқызы» деген ныспы ғана бұйырды. Бұл да тағдырдың жазуы болса керек.

Қарап отырсақ, Жанболат әкесі Мамай ақсақалдың тағдырын қайталаған сияқты. Мамайдың бірінші әйелінен бір қыз бар. Оның аты – Бибігүл, фамилиясы – Мамай. Бибігүл Мамайдың айтуынша, оның тағдыры тіпті аянышты. Бибігүлге жүкті болған кезде шешесі түрмеге қамалады. Мамай безініп, дереу ажырасудың қамын жасайды, бірақ заң қысымынан қорыққан ол түрмеде өмірге келген нәрестеге фамилиясын беруге мәжбүр болады.

Түрмеде бала бағуға болмайтыны белгілі жайт. Бибігүл Мамайдың бұдан кейінгі өмірі Қапшағайдағы, кейін Бағанашылдағы балалар үйінде өтеді. Ол есейген соң ғана әке-шешесін іздей бастайды. Сөйтсе, шешесі де, әкесі де өз алдына тұрмыс құрып кетіпті. Шешесі есейіп кеткен Бибігүлді жылы қабылдайды, үйіне арнайы қонақ етіп, балаларымен таныстырады, қазір да араласып тұрады екен. Ал Бибігүлдің әкесі Мамай қызына қырын қарап, қасына маңайлатпайды, оны бөтен адам санайды. Бұл кезде Жанболат та саясатқа араласып танылып қалған. Сырттай қарағанда Жанболат мейірімді, «әр қазақ менің – жалғызым» дегендей бауырмал көрінетін. Әкесі бір, шешесі бөлек інісін Бибігүл де сырттай жақсы көріп жүрді. Бір жолы Бибігүл банкте кезек күтіп отырғанда келбеті өзінен аумайтын Жанболат кіріп келіп, банкоматтан көп ақша шешіп алып жатыпты. «Інім» деп жүрегі елжіреген Бибігүл Жанболаттың жанынан барып, өзін таныстырады. Бірақ ол да әкесі секілді ыршып түсіп, Бибігүлге шошына қарап, теріс айналып кетіп қалады.

Осы бір мелодрамаға бергісіз оқиғаға ұқсас тағдыр көп. Әкесінің де, шешесінің де қамқорлығынан шаранада жатып айырылған Бибігүл Мамай балалар үйінде өсіп жетілді. Бибігүлге әкесі Мамай фамилиясынан басқа ештеңе берген жоқ. Әке мейірімін сезіне алмай келе жатқан «Оляның» қызының тағдыры Бибігүлдікімен ұқсас па, қалай?!

Ал әке-шешесінің мейіріміне бірдей бөленіп, еркелеп өскен Жанболат жаны қалаған оқуын оқыды, үш тілді түгел меңгеріп алды, сүйікті ісімен шұғылданып жүр, тұрмысы жақсы, бала-шағасымен, әке-шешесімен үлкен шаңырақта шаттықпен өмір сүріп жатыр. Ол жай мектепті менсінбей, балаларын Tamos educationда оқыта бастады. Соңғы кезде «Биліктің саяси жобасы», «Памперс бала», «Биліктің бауырсағы» деген жаманат жабысқаны болмаса, Жанболат бақытты өмір сүріп жатыр. Ал Бибігүл мен «Оля» саяси сахнаның сыртында қалды. Оларға назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Сәкен Түсіпбек

Айдары: Түтін 17.06.2021 311

Қатысты мазмұн