Макс Боқаев «Жер митингісінің» лидері ме?

none

Бүгін республиканың бірнеше қаласындағыдай Атырауда да митинг өтті. Ақпанның соңғы күніне белгіленген митингіге халықты шақырған атырауылық белсенді Макс Боқаев тұғын. Ол 2016 жылы «Жер митингісін» ұйымдастырғаны үшін 5 жылға сотталып, 2021 жылдың 4 ақпанында бостандыққа шықты. Түрмеден шыға сала ол өзіне қойылған әкімшілік шектеуді елемей 28 ақпанда Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңына шығатынын мәлімдеген. Оның бастамасын тіркелмеген демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай да қолдады.

Жұрт ақпанның 28-іне белгіленген митингілердің ішінде Атыраудағы наразылықтың ауқымы да, дүмпуі де зор болады деп ойлады. Себебі, 2016 жылғы «Жер митингісінен» кейін қоғамдық пікірде «Макс Боқаев - көше наразылығының лидері, мықты ұйымдастырушы» деген ой берік орнықты. Сондықтан, түрмеден шыққан Боқаевтың Исатай-Махамбет алаңындағы алғашқы митингісіне 2016 жылғыдай көп адам жиналады деген пікір басым болды. Шынтуайтында, тіпті олай болмады. Митинг «жетім қыздың тойындай» өтті. Рас, Макс Боқаев белгіленген уақытта бірнеше жақтасын ертіп алаңға келді. Олардың әрекетін полиция жасағы қадағалап тұрды. Боқаев өзінің бұған дейін мәлімдеген билікке қоятын талабын қайталаған соң, ұнжырғасы түскен адамның кейіпіне еніп, жан-жағына жалтақтай бастады. Оның осы бір ым қағуға ұқсайтын ісін жақтастары бағып тұр екен, олардың ішінен бір әйел «кеттік-кеттік» деп дауыстады. Сол-ақ екен, Макс Боқаев қасындағы бес-алты жақтасымен бірге алаңнан асығыс жылыстай бастады. Осылайша, Макс Боқаевтың бір айдан бері үзбей жарнамалаған митингісі тәмәм болды.

«Макс Боқаевтың митингісі» деп ауыз толтырып айтуға келмейтін наразылық акциясының сықпыты бұған дейін serke.org сайтында жарияланған «Боқаев саясатта «... сасып» қалды ма?" атты мақаладағы ойды толық қуаттайды. Мақалада «Белсенді Макс Боқаев – саясаткер ретінде ішкі мазмұны жұтаң, жалын күжірейткен сиволдық тұлға» деп жазылған болатын. «Қарабайыр, саяси қасаң ойлы екі жігіттің - Макс пен Талғаттың бір сәтте «ұлт батырына», «мұқалмас күрескерге» айналуы Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында «дәл уақытында, дәл мезгілінде табылуында» деген ой айтылған.

Осы ойды қуалап зерттеу барысында 2016 жылы Атыраудағы «Жер митингісін» ұйымдастырған Макс Боқаев пен Талғат Аян емес, Қарабатан мұнай кенішінің жұмысшылары болып шықты. Олардың жер мәселесіне тіпті қатысы жоқ, жұмысшылар компания басшыларына жалақыны көбейту, кеніштегі тұрмыстық жағдайды түзеу сияқты әлеуметтік-экономикалық талап қойып жүрген. Талаптары орындала қоймаған соң, жұмысшылар бірнеше автобусқа мініп Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңына келеді. Олар Боқаев пен Аянның бірнеше жақтасына қосылып, ауқымды митингінің көрінісін жасады. Әрине, осы наразылықтан кейін Қарабатан кеніші жұмысшыларының жағдайы жақсарды. «Айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылды» дегендей, Боқаев пен Аян митингіні ұйымдастырушылар ретінде танылып, 5 жылға сотталған. Оппозицияның бір қанаты оларды «ұлт батыры», «мұқалмас күрескер» деп таныды. «Макс Боқаев – саясаткер ретінде ішкі мазмұны жұтаң, жалын күжірейткен сиволдық тұлға» екені бүгін тағы да дәлелденді. «Ұлт батырының» қасынан оның бес-алты жақтасы ғана табылды. Осыған ұялды ма, әлде «полиция қамап қояды» деп қауіптенді ме, боқаевшылар бірі екіншісін сүйрелеп Исатай-Махамбет алаңынан жылыстап кетті. «Мұқалмас күрескердің» «7 наурызда осы жерде жиналамыз» деген сөзі де сенімсіз шықты.

serke.org

Айдары: Дүрбі 28.02.2021 288

Қатысты мазмұн