Мәжіліс шетелдіктерге жер беруге тыйым салатын заң жобасын сенатқа жолдады

none

14 сәуірде парламенттің төменгі палатасы шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Құжат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталады.

Заң жобасы авторларының сөзіне қарағанда, құжат шетелдік жер пайдаланушыларға, шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық компанияларға, сонымен бірге қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке алып, жер иелену құқығын беруге тыйым салады. Дегенмен шетелден Қазақстанға көшіп келген қандастар "жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға алу мүмкіндігі болады".

Депутат Берік Оспановтың айтуынша, заң жобасы 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.

Қазақстанда шетелдіктерге жер сатпау және оны жалға бермеу туралы талаптар жиілеген шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанның соңында оған заң түрінде тыйым салуды тапсырған. Наурыз айының ортасында заң жобасы мәжіліске түскен. Сәуір айының басында парламенттің төменгі палатасы оны бірінші оқылымда мақұлдаған.

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.

Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.

Айдары: Найзағай 15.04.2021 57

Қатысты мазмұн