Мәні жоқ митинг

none

Қазақстанда көше шеруін, митинг өткізу шартының жеңілдегеніне қарамастан, оңды нәтиже болмай тұр. Митингіге көп адам жиналмай-ақ қойды. Миллиондаған адамның тағдырына қозғау салатын несиені кешіруді талап еткен митингіге жиналғандар саны жүз адамнан асқан жоқ. Мұның себебін түсіндіру қиын. «Халық саясиланбаған, күнделікті күйбең тіршілігін бағып отыр» деген жалпылама сипаттама ғана беруге болатын секілді. Дегенмен, митинг ұйымдастырушылардың көзбояушылығы халықтың сеніміне селкеу түсіріп отырғанын айта кету ләзім. Елеусіз қалып бара жатқан бұл факторды нақты мысалмен түсіндірейік.

Митинг және басқа да наразылық шаралары демалыс күндері ұйымдастырылады. Мұны біз басқа елдерде болып жатқан оқиғаларадан да көріп отырмыз. Демалыс күндері жұрт жұмыстан босайды, сәйкесінше саяси, рухани және басқа да мәселемен шұғылдануға мүмкіндік алады. Біреу театрға баруды, біреу қала сыртына шығып табиғат аясында демалуды жоспарлайды, ал халықтың саясиланған бөлігі қоғамдық маңызды мәселе көтеріп, алаңға шығып билікке талап-тілегін айтады. Десек те, Қазақстандағы жағдай басқаша болып тұр. Мұны митинг ұйымдастырушылар сезеді, біледі. Сондықтан олар қулыққа барады. Оған мысал ретінде шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтің алдағы күндерге жоспарлаған митингісін айтуға болады. Ол жұртты митингіге шығуға демалыс күндері емес, жұманың кешіне шақырыпты. Мұнда қандай қулық жатыр?

Қашқын банкирдің үндеуі бойынша, Алматы халқы бұрынғы «Саяхат» автовокзалы маңындағы Райымбек батыр ескерткішінің түбіне жиналуы тиіс. Бұдан кейін жиналған алаң жұрт Панфилов көшесіне қарай шерулеп барып, сол жерде митингіні жалғастыруы керек екен. Шынтуайтында, жұма күні митингісіз-ақ бұл жерде халық нөпір болады. Райымбек батыр ескерткіші маңынан Алматыға келіп-кетіп жұмыс істейтін Талғар, Шелек, Есік секілді Алматы облысындағы ауыл тұрғындары үйлеріне қайтады. Күн жұманың кеші болғандықтан ауылға қонаққа баратындар да, демалыс күндерді саяжайында өткізгісі келетіндер де осында жиналып, көлік күтеді. Әбілязов осы адамдарды «шеруге шыққандардың» саны деп көрсетпекші. Оның айтуынша, «Саяхат» маңына келген машиналар да бір сәт аялдап, сигнал беруі тиіс. «Сендердің сигналдарыңа міндетті түрде жауап болады» дейді ол. Әрине, жауап болады, себебі бір машина сәл аялдаса, көлік тығыны пайда болады, бұл кезде бәрі бақыртып сигнал беруді бастайды. Осындай көлік тығынынан пайда болған дабыраны Әбілязов митингінің ауқымы ретінде көрсетпекші.

Жаяу жүргіншілер үшін парк іспетті жасақталған Панфилов көшесінде де жұмыс аптасының соңында, яғни жұманың кешінде серуендеуші көп болады. Өз бетімен серуендеп жүрген халықты да Әбілязов «наразылық шеруіне шыққандардың» саны деп көрсетпекші. Бұл қулықтың астарында сұмдық жатыр. Әбілязов жұмыс аптасынан қажыған халықтың кезекті демалысына кедергі келтіріп, әбігерге салмақшы. Сондықтан митингті жұманың кешінде өткізуді үндеп отыр. Мұның бәрі қашқын банкирдің митинг өткізу жөніндегі идеясының тығырыққа тірелгенін байқатады. Ол митингінің мәні мен мазмұнына көңіл бөліп отырған жоқ, көздегені сапа емес, сан болып тұр.

Митингіде билікке айтылатын талап-тілек те нақтыланбаған. Мұның астарында арам пиғыл жатыр. Жұмыс аптасының соңында қала маңындағы үйіне қайту үшін жолға жиналған, бой жазып серуендеуге шыққан халыққа барынша кедергі жасамақшы. Мұндай жағдайда жұрт ашу-ызаға булығатыны белгілі. Мұндай қолайсыздықты жасап отырған Еуропадағы қашқын банкир екенін жұрт қайдан білсін, олар мұның бәрін жергілікті биліктен көреді. Әбілязовтің көздеген мақсаты да осы – жоқ жерде наразылық тудыру. Егер бұл мәселеге басқа қырынан келетін болсақ, Әбілязовтың бұл жасап отырғаны арам саясат – оның идеясын қолдамайтындарды, тіпті саясатқа араласқысы келмейтіндерге қарсы жасалған көпе-көрінеу зорлық, олардың демократиялық таңдауына ырық бермеу. Бұдан кейін оның қазақ қоғамын демократиялық жаңғырту жөніндегі көпірме сөзіне кім сенеді?!

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 23.09.2020 111

Қатысты мазмұн