Латын әліпби қазақ қоғамын екіге жара ма?

none

Латын әліпбиін дайындау үшін құрылған комиссия премьер-министр Асқар Маминге латын графикасының жетілдірілген жаңа нұсқасын таныстырды. Бұл тақырып әлеуметтік желі қолданушыларды бұрыннан қызықтарады. Мәселенің қайта талқылауға шыққанын саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Қазақстан көптен бері алфавит өзгерткен жоқ еді. Сағынып қалыппыз» деген әзілмен сипаттады.

Жаңа нұсқаны ұсынған мамандар «бір дыбыс - бір әріп» принципін басшылыққа алыпты. Латын графикасы мәселесіне ұзақ пост арнаған Мейрам Иманбаев «осыған дейін де сан рет ұсынылған нұсқаларда да және соңғы ұсынылған жаңа нұсқада да "бір дыбыс - бір әріп" принципі өзінің қате принцип екенін көрсетті» деп жазды. Оған кейбір әріптердің ноқаттармен, ирелеңдеген сызықшалар мен салбыраған иректермен таңбалануы ұнамайды. Оның айтуынша, ағылшын тілі мен қазақ тілінің төл дыбыстары өте жақын. "Ә", "Ө", "Ң" екі тілде де бар, бірақ ағылшындар сол дыбыстарын қосарландырып таңбалап-ақ, оны қиналмай оқып-жазып жүр.

«Латынша графикаға көшсек, өзіміз шығарып алған принциптерге жабысып қалмай бірден уақыт сүзгісінен өткен дұрыс нұсқасына көшейік, не барымызға шүкір етіп, қоя салайық» деп жазды М.Иманбаев.

Журналист Серік Әбікенұлының ойынша, әліпби ауыстырудағы басты мақсат - қазақы дыбысқа оралып, тілді азат ету. Ал ұсынылған жаңа нұсқада да ондай ерекшелік байқалмады. Жуан, жіңішкелік белгілерін алып тастады деген түк емес, қазақ тілі онсыз да буын үндестігіне (жуан, жіңішкеге) бейім.

«Ц»,»Э», «Ю» жазғанда оңай алмасатын таңбалар, капитца-капитса, юла - иула, я-да сондай Яассауи - Иассауи... Конфетті кәмпит деп жат «ф» -ны, велосипедті белесебет деп жат «в»-ны далаға түкіріп тастап жатқан қазақы ауызға бұл дыбыстарды тықпалау не үшін керек? Таңбамыз өзгергенімен орысшадан құтыла алмаймыз мына сыйқымен» деп жазды Серік Әбікенұлы.

Тараздық журналист Көсемәлі Сәттібайұлы латыншаға негізделген жаңа қазақ әліпбиі халық үшін тағы бір проблема тудыратынын айтады. «Бұрын екі тілде: қазақша, орысша жазып, оқушы едік, енді оған екі әліпби: латын және кириллица қосылды!!! Бұл тағы бірнеше мәселені тудырып (қозғап), бүтін бір елдің азаматтарын екіге жармай ма (бөлмей ме?)?» деп қауіптенеді ол.

«S» сараптама орталығы

Айдары: Бақ-бақ 05.02.2021 60

Қатысты мазмұн