«Крышасы кеткен» Әбілязов және «Қосанов-2» жобасы»

none

Қазақстанда биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу ұсынылған кезден бастап өзін оппозиция деп көрсетіп жүрген белсенділердің арасында компромат шығарып, бір-бірінің абыройын айрандай төгу үрдісі бұрынғыдан да қыза түсті. Демократиялық күштер коалициясы ортақ кандидат ретінде сайлауға түсуге дайындамақ болып отырған Ермұрат Бәпи Әбілязовты «крышасы кеткен адамдардың бірі» деп атады. Бұған шамданған «шетелдік оппозиционер-демократ» мүның себебі, Ермұрат Бәпиге режимді оны «Қосанов-2» ретінде сайлауға түсуге ұсыну жобасын Әбілязовтің әшкерелегені болды деп мәлімдеді.

2019 жылы режимнің жобасы рөлін Әміржан Қосанов атқарса, ендігі жолы бұған негізгі кейіпкері Ермұрат Бәпи болатын «ҚОСАНОВ-2» жобасы ұсынылып отыр, дейді халықтың жанашыры кейпіне енген қашқын олигарх. Оның пікірінше, «Тоқаев қаңтарда адамға оқ атуға Тоқаевтың кінәсі жоқ деп мәлімдеген сатқын Әкежан Қажегелдинді пайдаланып «Қосанов-2» жобасын іске асырып отыр».

Аудиториясы алдында жағымды имидж қалыптастыруға барын салып жатқан Әбілязов Ермұрат Бәпиді өтірікші деп айтады. Өйткені жақында берген сұхбатында Ермұрат Бапи 2019 жылғы 9 маусымдағы президент сайлауы қарсаңында ол ЖСДП партиясымен бірге сайлауға бойкот жариялағанын айтыпты. Алайда, Әбілязов жариялаған мәлімет бойынша, 2019 жылдың мамыр айында Ермұрат Бапи ЖСДП партиясының төрағасы бола тұра, партияның басқа мүшелерімен бірге Парижге келіп, Әкежан Қажыгелдинмен және Бергей Рысқалиевпен кездесіпті. Сол кезде сайлаушыларды Қосановқа дауыс беруге үндепті.

«Сондықтан Бәпидің президент сайлауына қатысты бойкот ұстандым деген сөзі оғаш естіледі. Тағы да қайталаймын: 2019 жылы мамырда ол ЖСДП партиясымен бірге Парижде Қосановқа дауыс беруге шақырды» дейді қашқын экс-банкир.

Оның ойынша, халықты басқаратын әлдебір көсбасшыны іздеуді, сөйтіп өзімізді өзіміз алдауды тоқтату керек. Оның орнына бұл сайлауды пайдаланып, бұл режимді бейбіт жолмен құлатып, парламенттік республика құру керек. Содан кейін Әбілязов елдің премьер-министрі креслосына келіп жайғасып, оның басшылығымен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуір басталады екен.

Сөйтіп отырғанда «Ел тірегі» партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев әлеуметтік желідегі парақшасында 2003 жылдың 21 қаңтарында жазылған видеоны репост жасапты. Видеода қазіргі «демократ-оппозиционер» Әбілязов Нұрсұлтан Назарбаевтан елде төңкеріс жасау интригасына қатысқаны үшін кешірім сұрайды. «Мен өзімнің ақымақтығымның кесірінен өзімді мүлдем мағынасыз саяси шайқасқа тартуға жол бердім...» - дейді Әблязов.

Кешірім сұрау режимнің құсауынан құтылу үшін жасалған амал деп түсіндіретін «данышпан-шахматшы» қосымша вариант ретінде президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеген саясаткер Жасарал Қуанышәлинді қолдауға үндеп отыр. Бірақ әбілязовшіл үміткердің ел арасында беделі жоғары деп айту қиын. Сайлауға ниеттеніп отырған Ермұрат Бәпи де, Жасарал Қуанышәлин де халықтың болмашы тобының ғана қолдауына ие болуы мүмкін.

Оппозицияның қазіргі сиқы осы.

"S"

Айдары: Түтін 19.09.2022 83

Қатысты мазмұн