Коронавирус: Шығыс Қазақстан індет асқынып тұр

none

13 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны Covid тестімен (ПТР) расталған 704 науқас тіркелді. Оның 35 пайызы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Аймақтар бойынша, әдеттегідей Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Онда бір күн ішінде 248 науқас анықталды. Облыстың тәулік көрсеткіші бойынша өзге облыстардан алда келе жатқанына екі айдан асты. Қазір облыста Covid жұқтырғандардың жалпы саны 13 272 адамға жетіп отыр. Бұл – Алматы (15166) және Нұр-Сұлтан (15110) қалаларынан кейінгі үшінші нәтиже.

ШҚО-дан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Онда сәйкесінше 86 және 77 науқас анықталған. Қостанай облысында 52, Солтүстік Қазақстан облысында 51, Павлодар облысында 49 науқас тіркелді. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында науқас саны тең – 35.

Ең төменгі көрсеткіштер Қызылорда (2), Маңғыстау (1) және Түркістан (1) облыстарының үлесінде.

Елде вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар саны 119 833 адамға жетті. Оның 109 275-і жазылып шыққан. Сегіз мыңға жуығы емделіп жатыр, 1924-і қайтыс болған. Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмейді.

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) кірмеген. 13 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 39 724 адамнан анықталған, оның 415-і қайтыс болған.

Айдары: Найзағай 14.11.2020 27

Қатысты мазмұн