Кибербуллинг туралы арнайы заң керек пе?

none

Бұл сұраққа кесімді жауап беру қиын: «жоқ» деп те, «иә» деп те айта алмайсың. «Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынадының» кері - осы.

Әлеуметтік желідегі кибербуллингтің қайғымен, «он екі гүлінен бір гүлі ашылмаған» жас қыздың, болашағынан үміт күтіп отырған жазушы Аягүл Мантайдың өлімімен аяқталғаны кеше ғана. Интернет технологиясы, әлеуметтік желі осыншама қарқынмен дамымаған беймарал заманда қалып қойғанымызда Аягүл Мантайды өлімге итермелеген, дәлірек айтсақ, асылып өлуден басқа амал қалдырмаған мұндай қайғылы оқиға болмас па еді.

Аягүлдің өмірі де біз сияқты әлеуметтік желімен қабысып кеткен болатын. «Ақжүніс» деген лақап атты иемденіп алған Сәуле Әбединованың Аягүлдің ар-намысына тиетін жазбасын оның мыңдаған жақтастары әр мұқамға салып, репост жасап, бүткіл әлеуметтік желіні дүрліктірді. Бұл әлеуметтік желіні өмірінің бір бөлігі санайтын, ойы мен пікірін жұртпен бөлісіп, одан өзіне қайырма жауап алып отыратын ортасына айналдырып алған Аягүл Мантайға ауыр тиді. Жас жазушы өзіне бұ дүниеде орын қалмағандай сезінген сияқты...

Кибербуллингті әлеуметтік желі одан әрі құтыртып, араздықтың отына құрғақ шырпы тастағандай лаулатып жіберген оқиға қазақстандық Килимова Жулдыз есімді facebook қолданушы мен Әзірбайжан азаматы Р.Тарзаноглы арасындағы пікірталас кезінде де болды. Екі адамның арасындағы дау өршіп, әлеуметтік желідегі басқа да қолданушылар қапталдан жанжалға араласып кетті. Соның кесірі дауды бастаған екі таласушыға да, осы дауға кейін қосылған басқа адамдарға ауыр тиді. Осы оқиғадан әлеуметтік желінің кибербуллингті тіпті құтыртып, ауыздықтауға ырық бермейтін жағдайға апаратынын көрдік.

Шоумен Тұрсынбек Қабатовтың мектеп бітіріп жатқан қызына қарсы ақпараттық шабуылды да кибербуллингке жатқызуға болады. Әрине, алаяққа тән істі ұйымдастырған Тұрсынбектің обалы жоқ. Бәріне сол кінәлі емес пе. Оңы мен солын әлі ажыратпаған жас қыз - мектеп оқушысы жаман мен жақсыны қайдан білсін. Әкесі емес пе, қызының орнына басқа біреуді емтиханға кіргізіп жіберген. Соған қарамай әлеуметтік желіде жеткіншек қызды мұқатып, айыптап, ар-намысына тиетін жазба жариялап жатыр... Әлеуметтік желідегі бейпілауыз осындай жазбаларды көргенде, оның репост жасалып жарық жылдамдығындай таралып, желіні қара бұлттай торлап алағанын көргенде кибербуллинг туралы заңды тезірек қабылдау керек деген пікірге ойысасың. Дегенмен, сөз бостандығы, пікір бостандығы деген адамзат дамуы үшін аса қажет құндылықтар бар. Оның үстіне, әлеуметтік желі «қоғамның санитары», «төртінші билік» саналып келген бұқаралық ақпарат құралына айналды.

Жұрттың бәрінде интернетке қосылған смартфон бар. Қойшы да, етікші де, сауыншы да журналистің немесе саясатанушының немесе әлеуметтанушының міндетін атқарғысы келеді. Оларға «қой» деп қайтіп қана айтасың – Конституцияда жазылған құқы бар. Міне, «арбаны» бір жаққа, «атты» екінші жаққа тартудың мүмкін еместігі осында.

ҚР Қылмыстық кодексінде «адамды өлімге итермелеу» деген бап бар. Бірақ ол бап әлеуметтік желінің ішіне кіріп алған кибербуллинг секілді жауызды ауыздықтауға арналмаған, қылмыстық бап тіпті басқаша тәпсірленеді. Мүмкін, осы бапты нақтылау керек шығар... Мұның бәрі бір мезетте келген ой. Қалай болса да, кибербуллинг қазақ қоғамы үшін өзекті проблемаға айналды. Бұл мәселе қоғам болып жан-жақты талқылауды, соның нәтижесі бойынша кесімді шешім шығарып, тезірек әрекеттке көшуді қажет етеді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 15.09.2021 54

Қатысты мазмұн