Қытай АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымдарына санкция салды

none

Пекин 2 желтоқсанда штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан үкіметтік емес халықаралық құқық қорғау ұйымдарына "Қытайдың арнайы әкімшілік аймағындағы (Гонконг) көтерілісті қолдағаны үшін" санкция салды. Бұл – Қытайдың АҚШ президенті Дональд Трамптың Гонконгтегі наразылықты қолдайтын заңына "жауабы".

Қытайдың санкция тізіміне Human Rights Watch, Freedom House ұйымдары, Халықаралық қатынастар бойынша ұлттық демократиялық институты, Демократияны қолдау ұлттық қоры және Халықаралық республикалық институты енген.

Ұйымдарға санкция салынғанын Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин Қытайдың орталық телеарнасы арқылы хабарлады.

"Бұл ұйымдар Гонконгтің тәуелсіздігін қалайтын Қытайға қарсы күштер мен сепаратистерді қолдап отырғанына дәлеліміз бар. Олар Гонконгте хаос жасап, адамдарды қылмысқа үгіттеп жатыр. Бұл ұйымдар Гонконгтегі хаосқа жауапты және санкцияға лайық. Олар өз істері үшін жауап беруі тиіс" деді Хуа Чуньин.

Бұдан бөлек, Қытай АҚШ-тың әскери кемелері мен әскери ұшақтарына Гонконгке келуіне тыйым салды.

Пекиннің бұл санкциясы – АҚШ-тың Гонконгтегі наразыларды қолдайтын екі заңына жауабы. Бұл заңға АҚШ президенті Дональд Трамп 29 қарашада қол қойған.

Трамп қол қойған алғашқы заңға сай, АҚШ наразыларға күш қолдануға қатысы бар Қытай және Гонконг шенеуніктеріне санкция салған. Екінші заң АҚШ-тың Гонконг полицейлеріне құрал-жабдық, қару сатуға тыйым салады.

Жаңа заңға сай, Вашингтон Пекиннің Гонконгтегі әрекетін, Гонконгте "бір ел – екі жүйе" саясаты қаншалықты сақталатынын бақылап отырады. Егер Қытай Гонконгтің ішкі ісіне араласпаса, Вашингтон Гонконгке жасалған экономикалық-сауда жеңілдіктерді алып тастамақ.

АҚШ қазір Гонконгке "ерекше статус" берген. Бұл "статусқа" сай, Вашингтонның Қытайға салған санкциялары мен тарифтері Гонконгте жүрмейді.

Трамп қол қойған заңға сай, наразылық кезінде қамалғандар АҚШ визасын жеңілдетілген жолмен алады.

Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Гонконгке қатысты қабылдаған заңын халықаралық құқықтарды бұзады деп айыптады. Пекин Вашингтонды "елдің ішкі ісіне араласып отыр" деп санайды. 28 қарашада Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ "қылмыскерлерді ашық қолдап отыр" деп мәлімдеді.

Айдары: Найзағай 03.12.2019 7

Қатысты мазмұн