Қытай "Қорғасқа" тұтас қала салып тастады

none

24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас" еркін сауда аймағының дамуы туралы да айтты.

-"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы өте тиімді жұмыс істеп жатыр деп мақтана алмаймыз. Қазақстан жағында іс жүзінде қажетті ғимарат, мекеме жоқ. Ал Қытай өз жағында тұтас қала салып тастады. Шекара ынтымақтастығы көрші елдердің өнімін импорттауды жеңілдетті. Сол себепті отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, ескеріп, шынайы сектордың қажеттілігіне сәйкес салық саясатын жүргізіп, кедендік, тарифтік, тарифтік емес шаралар қолдану керек, - деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, шекаралық сауда аймағында экспорттау мүмкіндігі зор, бірақ Қазақстан сол мүмкіндікті ойдағыдай пайдаланып жатқан жоқ. Оның айтуынша, 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен шекарада сауда-экономикалық әріптестік орталығын құруды тапсырған. Бірақ содан бері келіссөз процесі жүріп жатқанмен Қазақстан мүддесі ескерілген нақты шешім қабылданбаған.

Қытаймен арадағы сауда-экономика қатынастарын күшейту мақсатында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылы көтерген бастамасымен Қазақстан - Қытай шекарасында "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығы ашылған.

Бұған дейін Қытай билігі Қорғаста жылына шамамен сегіз миллиард доллардың сауда-саттығы жасалады, бұған қоса күн сайын 30 мыңдай саудагер өтеді деген.

Айдары: Найзағай 24.01.2020 66

Қатысты мазмұн