Қырғызыстан билігі азаматтарын қорғауға алды

none

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қаза болған қырғыз азаматы Азиз Мусаевтың анасы С.Иманқожаева Қазақстанға кіруге рұқсат алды. Бұл жөнінде Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Марқұмның анасы Алматыға бүгін келеді.

Бұған дейін қырғыз дипломаттарының Иманқожаеваға Қазақстанға кіруге рұқсат алуына көмектесіп жатқаны хабарланған еді.

Қазақстанда қаңтардағы оқиға кезінде кемінде екі қырғыз азаматының қаза болғаны белгілі. Олардың бірі – Алматыда фитнес-тренер болып істеген Азиз Мусаев. Туыстары Қазақстан жағы марқұмның денесін бермей отырғанын және Қазақстанға кіруіне рұқсат бермей отырғанын хабарлаған.

Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы Назарәлі Әріпов Қазақстан жағы қаза болған қырғыз азаматтарының денесін арнайы тексеру аяқталғаннан кейін беретінін айтқан.

Қырғызстанның азаптауға қарсы ұлттық орталығы 10 қаңтарда Үйлестіру кеңесінің шұғыл жиналысын өткізіп, Қазақстанда өткен аптада болған оқиғалар кезінде ұсталған қырғызстандықтарды қорғау мәселесін талқылады. Жиналыс соңында Жогорку кеңеш пен үкіметке Қырғызстан азаматтары қамауда отырған орындарға мониторинг жасаумен айналысатын арнайы комиссия құру жөнінде ұсыныс жасау туралы шешім қабылданды.

Бұл комиссияға медицина қызметкерлері де кіруі тиіс. Олар Қазақстанда қамауда отырған қырғыз азаматтарын азаптау әрекеттерін дәлелдеу үшін қажет.

Бұған қоса, орталық БҰҰ-ға шағымдануды көздеп отыр.

"Үйлестіру кеңесі БҰҰ-ның азаптау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамасына хабар жібереді" дейді орталық өкілдері.

Мәліметке қарағанда, Қазақстанда өткен аптадағы оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен ұсталған бес қырғызстандық қамауда отыр. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі осыған орай Нұр-Сұлтанға наразылық нотасын жолдады.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 7 қаңтарда Алматыда Қырғызстанның А.М. есімді азаматы қаза тапқанын растады. Ал қырғыз арнайы қызметі Қазақстандағы оқиғалар кезінде тағы бір қырғызстандық қайтыс болғанын хабарлады.

Қырғызстан омбудсмен институты Шымкентте қырғызстандықтарды ұрып-соққаны туралы мәлімет таратты. Дәл осы қалада 38 қырғызстандық ұсталғаны анықталды. СІМ мәліметінше, оларды тексеруден соң босатқан.

9 қаңтарда Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов ұсталды. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланды. Қырғызстан президенті мен қырғыз арнайы қызметінің басшысы да осыған қатысты мәлімдеме жасады. 10 қаңтарда кешке музыкант Бішкекке оралды.

Айдары: Найзағай 12.01.2022 50

Қатысты мазмұн