Қоронавирус ауылды аралап кетті

none

«Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 2 мың адамнан асып, індет таралу жағынан шарықтау шегіне жетті» – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деп мәлімдеді. Шын мәнінде солай ма? «Індеттің шарықтау шегі» дегеніміз қандай шама? Мұндай көрсеткіш қандай критерий бойынша анықталады және одан кейін не болады? Қатерлі пәле тоқтай ма, жалғаса бере ме? Алматыдағы бірнеше ауруханада медицина қызметкерлерінің жаппай коронавирус жұқтыруына кім жауапты?

Бүгінгі мақалада осы мәселелерге жауап іздеп көруді жөн деп таптық. Өйткені, қытайвирустың таралу ауқымы күн сайын өршіп, бас ілдірмес асаудай тулап, кеңейіп барады. Шетел қыдырған шенеуніктердің кесірінен індет бүгінде алыста жатқан моп-момақан қазақ ауылдарына ауыз сала бастады.

Ең қауіптісі де осы еді. Ірі мегаполистерде, әйтеуір, медициналық жағдай гүлденіп, көркейіп кетпесе де едәуір дамыған. Індет жұқтырғандарды ПТР тест арқылы дер кезінде анықтап, оқшаулауға мүмкіндік бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус кеселін емдеуге арналған ұсыныстары дер кезінде жетеді. Дәрі-дәрмек те табылады. Ал жедел жәрдем көлігіне, қалтасында қалақтай дипломы бар дәрігер мен фельдшерге жарымай отырған ауыл халқы не істейді? Оңтайландыру саясаты салдарынан фельдшердік-акушерлік бекеттері жабылған елді-мекендер ше? Қатерлі індет күтпеген жерден сарт ете қалса, не істейді? Одан әрі таралып кетпеуі үшін қандай сақтық шаралары әзір тұр?

Сұрақ көп, жауап жоқ.

«Алыс ауыл» демекші, күні кеше, Түркістан облысының Созақ ауданынан суыт хабар жетті: «Созақ ауданына қарасты Созақ ауылында екі тұрғыннан (анасы мен баласы) COVID-19 вирусы анықталды». Ресми ақпараттан ұққанымыз Алматыда медколледждің 3 курсында оқып жүрген студент №12 орталық қалалық ауруханада санитар болып жұмыс істепті. Қатерлі індетті сол жерде жұқтырса керек. Кейін, ауылына келгесін, анасына жұқтырған. Ал бейресми ақпарат көздері №12 ауруханада санитар болып жұмыс істеген студенттің коронавирус жұқтырған медқызметкерлерді көріп, содан кейін, ауылына «қашып кеткенін» айтады. «Қашқынның» жол жүру маршрутына үңілсек, қауіп пен күдік, тіпті, молая түседі. Айтуларынша, студент алдымен, Түркістан қаласына жолшыбай кетіп бара жатқан көліктермен жетіп алады. Одан соң, Шолаққорған бағытына кетіп бара жатқан таксиге мініп, аудан орталығының шетінен түсіп қалады. Одан әрі тағы да жолшыбай көлікке мініп, ауылына жетеді. Қазір әлгі жігіт мінген таксилер мен көлік иелері түгелдей оқшауланыпты. Бұл әрекет болашақ медицина қызметкерінің жауапсыздығын білдірсе керек.

Қатерлі індеттің ішек-қарыны араласып жатқан ауылдарда кеңірек таралып кетпеуіне жол бермеу керек. Барлық күш-жігерді салып, ең болмаса, осы көрсеткіштен ары өсірмеуге тырысқаны абзал. Егер, дәрігерлер мен жауапты шенділер мұндай жағдайға жол берер болса, ең қатаң жазаға тартылуы тиіс. Өйткені, қазақтың ауылы – қазақтың берекесі, қазақтың руханияты. Ауылды құртсақ – қазақтың күні де алыс емес.

Студентті – студент делік. Ал талай жылғы тәжірибесі бар, қауіп-қатермен бетпе-бет жүріп, аяқ астынан коронавирус жұқтырған Алматының 200-ден астам медқызметкеріне не жорық? Бұл жерде де жауапсыздыққа жол берілді ме, әлде, денсаулық сақтау министрлігінің қателігі ме?

Алматы қаласының бұрынғы бас санитары Айзат Молдағасымованың эпидемия кезіндегі қылығы анау. Дәрігерлерді айыптап, орынсыз айтыс-тартысты қыздырды. Соңында екі жақ бір-бірін сотқа беріп тынды. Осыншама айқай-шу туып жатқанда, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ештеңе білмегендей, ештеңе көрмегендей үнсіз жатты. Бұл жерде «министр түк істеген жоқ», деуден аулақпыз. Бірақ тартыс ушыққан жерде екі жақты шұғыл келісімге келтіріп, індетпен күреске жұмылдыруы керек еді. Министрлік жұмыс істемеді емес. Істеді. Вице-министр Камалжан Надыров 21 сәуірде Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып ауысуы тиіс еді. Бірақ Надыровтың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Сөйтіп, бұрынғы вице-министр емделуге ауруханаға жатты.

Коронавирустың бұдан әрі таралуына қатысты әртүрлі болжам бар. Елжан Біртанов «біз қазір індеттің шарықтау шегіне жеттік. Шамамен, бұл кеселмен ауырғандар саны мамыр айында 3-3,5 мың адамға жетуі тиіс», деп есептейді. Яғни, Алматы мен Астана қаласында індет таралу көрсеткіші өткен апталарда 15 пайызға жетіп, енді 5 пайызға дейін төмендей бастапты. Алдағы мамыр айы да коронавирустың таралуына ыңғайлы маусым. Сондықтан, министр карантин уақыты алдағы айда да ұзаруы мүмкін деген пікірде.

«Карантиннің уақыты індеттің жағдайына байланысты. Егер, Алматы мен Астана қалаларында жағдай тұрақтанса, екі қалада карантин талаптары босаңсуы мүмкін. Бірақ сонымен вирус жоғалып кетеді дей алмаймыз. Бұл толқын секілді жаз айларында да бір көтеріліп басылуы мүмкін. Сондықтан, карантин алынған күннің өзінде адамдар бір-бірімен тығыз араласуды тоқтата тұруы керек. Біз барынша, осы вируспен бірге өмір сүруді үйренуіміз керек», – деді Елжан Біртанов.

Еуропа мен АҚШ-та карантиннің босаңсуын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қатаң сынға алды. «Уақытынан бұрын карантинді босаңсыту пандемияны өршітіп, алдағы уақытта, тіпті, сұмдық жағдайға жеткізуі мүмкін» – деп дабыл қақты ДСҰ басшысы Гебреисус. Оның айтуынша, адамдарда трагедияны болғызбауға әлі де мүмкіндік бар екен. Сөйтіп, ол миллиондаған адамның өмірін жалмаған «испан тұмауын» еске салып өтті. «Қазір адамзаттың қолында түрлі технология бар. Соның көмегімен індетті жеңуге болады», – деді ол.

ДСҰ басшысы Гебреисустың мәлімдемесі әсер етсе керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та алдағы аптада коронавирус мәселесі бойынша халық алдына шығып, мәлімдеме жасауға әзірленуде. Бұл туралы Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли хабарлады.

«Жақын уақытта төтенше жағдай мен карантинге қатысты принципті шаралар қабылдау туралы шешім шығады», – деді ол. Соған қарағанда, Алматы мен Астана қалаларында төтенше жағдай мен карантин уақыты тағы да созылуы мүмкін.

Созылмай қайтеді? Алматы қаласындағы супермаркеттер мен базарларда, көшелерде себепсіз ағылып жүрген адамда есеп жоқ. Вирусқа да керегі сол, тірі жанның қозғалысы ғой! Мұндай жауапсыз жандарды жазалау шараларын бұдан ары күшейте түспесе болмайтын секілді.

Қалай болғанда да індетті тоқтату үшін әр адам өзінің жеке басына, өз отбасына жауап беруі тиіс. Мүмкін болса, далаға шықпағаны абзал. «Бұл саясат». «Мен ауырмаймын», деген сауатсыз бейқамдықтан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Елдің саулығы үшін әр азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс! Сөз соңында, дәрігерлеріміздің қауіпті індеттен 505 адамды жазып алғанын айтып, бір серпілейікші. Ал жазылатындар бұдан да көп!

Тоқтар Жақаш

"Жас Алаш" газеті

Айдары: Дүрбі 23.04.2020 99

Қатысты мазмұн