Қордайдағы қақтығысқа байланысты 59 адам жауапқа тартылды

none

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров Жамбыл облысы Қордай ауданында болған тәртіпсіздікті тергеу барысы туралы айтып берді.

"2020 жылдың 8 ақпанында Қордай ауданының үш ауылында екі мыңнан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік болды. Нәтижесінде 11 адам қаза тауып, оның 10-ы адам қолынан, бір адам жанып жатқан сауда орталығының қирауы салдарынан қайтыс болды. 140 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй және сауда объектісі, 100-ден астам автокөлік зақымданды. Жәбірленуші - 342 адам, іс бойынша 400-ден астам түрлі сот сараптамасы жүргізілді, 1,5 мыңнан астам адамнан жауап алынды. Атап өту керек, тәртіпсіздікке қатысушылар мен белсенділер екі жақтан да болды", - деді арнайы прокурорлар қызметінің басшысы ОКҚ брифингінде.

Оның айтуынша, қылмыстық жауапқа түрлі ұлт өкілінен 59 адам, оның ішінде қазақтар мен дүнгендер тартылды. Кісі өлтіру, жаппай тәртіпсіздікке қатысу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу, ұрлық, тонау, қарақшылық, қару ұрлау және мүлікті жою дерегі бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Масанчи, Бұлан батыр және Аухатты тұрғындарының мүлкін қиратуға, өртеуге қатысқан тәртіпсіздіктерге қатысушылардың негізгі бөлігі - жастар, жұмыссыз тұлғалар, олардың ішінде бұрын кісі өлтірген, қарақшылық, бұзақылық, тонау және зорлау үшін соттылығы болған адамдар да бар", - деп қосты Ризабек Ожаров.

Ол тәртіпсіздік барысында адамдардың денсаулығы мен мүлкіне барынша зиян келтіру үшін атыс қаруы, балға, тас және басқа да қолда бар құралдарды пайдалану арқылы қылмыс жасалғанын мәлімдеді.

"Күдіктілердің қатыстылығы куәлардың айғақтарымен, елді мекендерде орналасқан бейнекамера жазбаларымен, сондай-ақ куәгерлердің ұялы телефонға түсірген видеоларымен расталады. Әрбір анықталған қатысушының іс-әрекетіне баға жиналған барлық дәлелдемеге мұқият талдау жүргізілгеннен кейін ғана берілді", - деді ол.

Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдарына дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келгені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаевтың қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.​

Айдары: Найзағай 29.05.2020 42

Қатысты мазмұн