Қоғамның жаңаруына екпінді әрекет қажет

none

Қазақта «Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады» деген мақал бар. Не де болса, өмірден алынған ащы сөз. Бұлай деп айтқанымыздың себебі, елдің азуы да, тозуы да не болмаса мейманасы тасып өзге жұрттан озуы да мемлекет тізгінін ұстаған басшыға байланысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президент тізгінін ұстағалы бері еліміздегі саясат алаңында қозғалыс басталды. Тоқаев «алдымен саясат, сосын барып экономика» деген ұстанымды таңдаған сықылды. Бір сөзбен айтқанда, саяси реформаның алғашқы қадамдары жасала бастады. Жөн-ақ. Өзгесін былай ысырып қойғанда, бұл жерде біз Тоқаевтың билікке келісімен қолға алған екі үлкен тірлігін айтпақпыз. Біріншісі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Екіншісі - ылғи жастардан құралған кадр резервіне арқа сүйеу. Тоқаевтың пәрменімен дүниеге келген бұл екі құрылымның қоғамдағы орны ерек болмақ. Алдымен алғашқысына тоқталайық.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – халық пен билік арасындағы алшақтықты жақындататын құрал. Кеңесті құрудағы негізгі мақсат, ол - мемлекет үшін маңызды бастамалар мен түйінді мәселелерді кеңесе отырып талқылау, сараптау, тиімді ұсыныстарды жүзеге асыру. Халықтың көкейінде жүрген түрлі түйткілдерді ушықтырмай дер кезінде билікке жеткізіп, шешіп отыруды мақсат етіп отыр. Қысқасы, Ұлттық кеңестің қоғамдағы рөлі - Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болу.

Ұлттық кеңес 42 адамнан жасақталғаны белгілі. Оған әр түрлі топ өкілдері (партиялар өкілдері, қоғам белсенділері, сарапшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары) еніп отыр. Бұлар қай саланың адамы болмасын, Ұлттық кеңесте бір-ақ бағытта, яғни мемлекеттің дамуына септігін тигізуі тиіс. Қазіргі күні қоғамда әлеуметтік түйткілдер асқынып, экономикалық өсім іркіліп, саяси реформалар тығырыққа тіреліп тұрған кезде Тоқаевтың елдегі барлық проблеманы жетік білетін, халықтың мүддесі мен көңіл-күйін дәл әрі боямасыз жеткізетін, биліктен тәуелсіз қоғам белсенділеріне пкіріне құлақ асуы оңды қадам болмақ.

Ал президенттің пәрменімен жүзеге асқан жастардан құрылған кадр резерві осы алғашқы істің жалғасы деуге болады. Шынын айту керек, бұған дейін кадр тапшылығы қатты сезілді. Содан болар, әкім болып отырған адам, ертесінде министр болып кетіп, бүрсүгүні мемлекеттің тағы бір басшылық орнына ауысып отырды. Санаулы адамның биліктен кетпеуі, тек орын ауыстырумен шектелуі халық үшін көзге шыққан сүйелмен бірдей болғаны анық. Бір сөзбен айтқанда, халық биліктегі «көз сүйел» болған топтан (анығында ешқандай бастамасы жоқ, идеясы сарқылған кәрі-құртаңдар) жалығып, жаңа бір күшті, мемлекетті ілгері сүйрейтін білімді, білікті жастарды күтіп жүргені белгілі. Мұны Тоқаев білді. Қоғамның тамырын дөп басты. Содан болар, бірден кадр резервін даярлауға кірісті.

Жарты жыл ішінде білімді һәм білікті 300 жасты жинай білді. Жақында олармен кездесу өткізді. Онда «болашақта мемлекеттің тізгіні сендердің қолдарыңда болады» деген әңгіме айтты. Дұрыс. Өйткені қазір халықтың билікке деген сенімі азайды, күдік күшейді, тіпті теріс айнала бастаған. Себеп белгілі. Санаулы адамдардың өзгеге орын бермей билікті азақ уақыт «меншіктеп» алуы, кейде тамыр-таныстық, рушыл-туыстық негізде мүдде тоғыстырған ат төбеліндей бір топтың құзырлы мекемелердің тұтқасын ұстап, өзгені көкіректен итеруі жұртқа жақпағаны анық. Олар үздіксіз жүріп отыруы тиіс саяси-әлеуметтік-экономикалық реоформаларға кедергі келтірумен қатар, билік пен халық арасындағы конструктивті диалогты болдырмай тұйықтап тастады.

Жағдайды шынайы бағалай білген Тоқаев кадр резервін жасақтау арқылы саясатта өте сәтті қадам жасады. Қазірдің өзінде осы резервтегілердің алғашқы легі қызметке орналаса бастады. Мәселен, күні кеше ғана еліміздегі ең ірі қала Алматыдағы екі ауданның басшылығына (Алатау және Түрксіб ауданы) Президенттік Жастар кадрлық резервінің өкілдері тағайындалды. Қысқасы, алдағы уақытта билік білімді, білікті кадрлардың қолына көшпек.

«Азамат жетім болмайды - халықтан болса панасы, халық жетім болмайды - басшы болса данасы» деген бабаларымыз ұлағаты қазір саясаттағы екпінді әрекетті қажет етеді. Сондықтан Президент Тоқаевтың әбден сүріленіп қалған ескі жүйені өзгерту үшін жасап жатқан саяси қадамы қазақ қоғамынан қолдау табатыны анық.

Ермек Есентемір

Айдары: Дүрбі 20.01.2020 94

Қатысты мазмұн