Қажылықтың ақшасы кімнің қалтасына құйылып жатыр?

none

Мүфтият маңындағы бірі екіншісін танымайтын бірнеше құпия дереккөзге Бас мүфтидің жылына қанша табыс табатынын дербес есептеп беруді тапсырғам. Бәрі «2,5 млрд теңге табады» деген тоқтамға келді. Бұл - бір жыл бойы 2700 имамға жалақы беруге жететін ақша. Мұны АҚШ ақшасына шақса, 7 млн доллардан асады.

Биыл қажылыққа баратын қазақстандық мұсылмандар туристік компаниялар қызметі үшін 28-30 млн доллар шығындайды. Ал мүфтидің қажылық науқаннан алатын сыйақысы (хадия) - 2 млн доллар екен. «Міне, осы хадия қарапайым қазақстандық мұсылмандардың қажылық жасауын қымбаттатып тұр» дейді сарапшылар. Былтыр қажылық құны кісі басына 6,5 -7 мың доллар болған, биыл 7 - 7,5 мың доллар болады. Бұған дейін қажылық қызметімен 14 туристік компания шұғылданған. Биыл мүфтият әдейі компанияларға талапты күшейтіп, «іріктеп», 4000 қажылық квотаны 4 компанияға бөліп бере салмақшы, басқа туристік компанияларды тақырға отырғызбақ. Мұнда да гәп бар(оны кейін айтамыз).

Құдайға ғана құлшылық қылатын мұсылманның қажы атануына мүфтият монополия жасап отыр. Әрбір қажының 100 долларын туристік компаниялар ҚМДБ-ның қажылық бөліміне аударады. Бұл «қажылық миссиясының шығыны» деп аталады. Басқасы басқа, дәл осы қажылық бөлім ешқашан жылдық есеп берген емес. Мысалы, 4000 квота×100$= 400.000$. Мұның 50 мың доллары ғана «қажылық миссиясының шығынына» жұмсалады. Қалғаны қайда кетеді? Қалғаны мүфтият басшылағындағы санаулы молданың қалтасына шөгеді.

Мұсылмандарды қажылыққа апарып келген соң туристік компанияларға мүфтият өкілі барады, компанияға бөлінген квотаға сәйкес хадия (мүфтият сайтындағы түсіндірме бойынша, бұл коррупция емес, шын ықыласпан берілетін халал сыйлық) алып қайтады. Мысалы, 150-дей адамды қажылыққа апарған компания бұл цифрға тағы екі 0 қоса салады. Биылғы хадия жарты млн долларға жуықтауы мүмкін. Бұл шаруаны Бас мүфтидің аса сенімді өкілдері Бекжігітов пен Ершат айналысып жүр.

Әрине, «есегі судан өтіп кеткен» туристік компаниядан хадия алу оңай емес, 14 компанияның есігін торуылдап жүру қиын шаруа. Сондықтан биыл ҚМДБ туристік компанияларға жаңа талап (суретте 4-пункт) қойды. Бұдан былай квотаға сәйкес, туристік компанияның банктегі есепшотында алдын ала қыруар қаржы жатуы керек. Мысалы, 300 адамды қажылыққа апаратын компанияның есепшотында 2 млн долларға жуық ақша болуы тиіс. Олай болмаса, мүфтият әлгі компанияға квота бермей қояды. Мұндай қаржы тіпті мүфтияттың туристік компаниясының - «Tawaf Travelдің» де есепшотында жоқ, бірақ Бас мүфтидің «өзім дегенде өгіз қара күші бар».

Қажылық бизнестен үміткер туристік компаниялардың бірі әрі бірегейі - «Хикмет Тревел» - Тасмағамбетовтің күйебаласы Кеңес Рақышевтің бизнесі. Бұл компания мүфтияттың жаңа талабын оңай орындайды. «Хикмет Тревел» былтыр 615 квота алған, биыл мыңнан астам адамды қажылыққа апаруды жоспарлап отыр.

Иненің жасуынан зып етіп өтетін компанияның бірі - «Қызмет Саяхат», былтыр бұл компания 300-ге жуық мұсылманды қажы қылып қайтқан. Бұл компания Түркиядан бастау алатын сүлейменшілердің ықпалында. Сүлейменшілер барлық проблеманы ақшамен шешеді, ылғи мүфтилермен құпия меморандум жасап, олардың көңілін аулап қояды, тіпті құқық қорғау органдары сүлейменішілерді қылмыстық жауапкершілікке тартқанда да олар сот арқылы құтылып кетіп жүр. Мүфтият тез мәміле табатын сүлейменшілерге сұраған квотасын береді.

Үшінші компания - Atlas Tourism. Былтыр 300-ден астам квота алған бұл фирма Түркияда да желі тартып алған, гүленшілердің бизнесі. Бұл бизнестің маңында лауазымды шенеуніктер, беделді имамдар жүр. Мүфтияттағылар мұндай күшпен санаспаса, өздеріне қиын болады.

Мүфтият осы төрт фирмаға 4 мың квотаны бөліп берсе, төрт есікке кіріп қана хадия алып қайтады. Бұрынғыша 14 фирманың кеңсесін кезіп, қайыр сұрағандай адақтап жүрмейді. Табыс бұрынғыша, жұмыс жеңілдейді. Міне, мүфтияттың мақсаты - осы.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 16.01.2023 169

Қатысты мазмұн