Қазақстандағы қазіргі ахуал қандай?

none

Елдегі қымбатшылыққа қарсы наразылықтан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқарады. Үкімет мүшелері жаңа кабинет құрамы бекітілгенге дейін өз міндетін атқара береді.

Тоқаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылып, оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Бұған дейін Қарин президент көмекшісі болған.

Маңғыстау облысы, Алматы қаласы және Алматы облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды. Бұл үш аймақта түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін комменданттық сағат енгізілді.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 қаңтар түнде қалада болған "тұрақсыздандыру талпынысы мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр" деп мәлімдеді. "Қазір қаладағы жағдай бақылауға алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр" деді ол.

Ішкі істер министрлігі аймақтарда "қоғамдық тәртіпті бұзған" 200-ден астам адамның ұсталғанын, 13 факт бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Министрлік түнгі наразылықты "заңсыз акция", ал наразыларды "арандатушылыққа шақырушыларға ерді" деп атады.

ІІМ Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасалып, ғимараттар бүлінгенін, 95 полицей жарақат алғанын, 37 көлік бүлінгенін хабарлады.

Айдары: Найзағай 05.01.2022 69

Қатысты мазмұн