Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай жәрдем беріледі

none

Жыл сайын 31 мамырда елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Ведомство мәліметінше, 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 16,1 миллиард теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 миллиард теңгеден аса қаражат қарастырылған.

1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде "халық жауларын" анықтау саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, оның 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы - ату жазасына кесілген.

Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылық құрбаны болған. Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері - АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болған. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерьлеріне 5 миллионнан аса адам жер аударылған. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.

1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация аймағы болған. 1937 жылғы күзде республикаға жүздеген мың кәріс, түрік, иран, күрд, әзербайжан секілді ұлттар қоныс аударған. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылған. Олардың саны - шамамен 1 миллион 200 мың.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

"2003-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 миллиард теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 385 теңге мен (3/4 АЕК) 318 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2022 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 2,1 миллион теңге қарастырылған", - деді ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар адамдарға немесе зейнеткерлерге әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан, 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2022 жылы-3 403 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

"2005 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 13,2 миллиард теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2022 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 миллард теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 29 648 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды", - деді Асқар Ниязов.

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдардың бірінші кезекте:

-бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлі емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;

-оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ, жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;

-телефондарды бірінші кезекте орнату;

-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, толық мемлекеттік қамтамасыз ету тізімінде тұру;

-протез-ортопедиялық құралдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;

-оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар шешім бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджет есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.

2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 8 232 азаматқа 3 278 теңгеден 47 700 теңгеге дейінгі мөлшерде 182 миллион теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Tengrinews.kz

Айдары: Текемет 31.05.2022 94

Қатысты мазмұн