Қазақстанда өткен жылы болашағы жоқ 94 ауыл жабылды

none

Болашағы жоқ ауылдардың басым көпшілігі Қызылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында екені белгілі болып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ҚазАқпарат тілшісіне берген ресми жауабында айтылған.

«Әлеуметтік-экономикалық даму мониторингтің қорытындысы бойынша республикада 6561 ауылдық елді мекен бар. 2018 жылы қорытындысы бойынша, облыстық әкімдіктердің ақпаратына сәйкес 94 ауылдық елді мекен «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес болашағы жоқ деп танылды. Жабылған ауылдардың басым бөлігі Қызылорда облысына (28), Шығыс Қазақстан облысына (16) және Солтүстік Қазақстан облысына (15) тиесілі», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

«ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы заңның 8-ші және 11-бабының 3-тармағына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елдімекендерді тарату жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ, ондай елдімекендер әкімшілік немесе аумақтық жағынан басқа (іргелі) елді мекендердің құрамында есепке алынады.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бары белгілі. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бағдарламаға қатысушыларды экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіру көзделген. Бұл ретте көш мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен немесе жұмыс берушілер есебінен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыру мүмкіндігі болған кезде ерікті түрде жүргізіледі. Облысішілік қоныс аудару жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал республикалық бюджеттен оңтүстіктен солтүстікке көшіру аясында іс-шаралар қаржыландырылады», - делінген жауапта.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын елордада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов Қазақстан халқының жалпы саны 2025 жылға қарай 20 млн адамға жететінін болжаған болатын. Вице-министрдің пайымдауынша, ауыл халқының саны іс жүзінде 7,6 млн деңгейінде қалады да, ауыл халқының үлесі 42 пайыздан 38-ге дейін төмендейді.

Сондай-ақ, Ермек Алпысов болашағы жоқ ауылдардың халқына мемлекет қандай қолдау көрсететінін айтып берген еді.

Айдары: Текемет 04.06.2019 5

Қатысты мазмұн