Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілді

none

Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілді. Бұл туралы бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың қаулысына сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі хабарлады. Ережеде ұлттық ғұрыптар ескерілген деп айтылады.

Қаулыға сәйкес, коронавирустан көз жұмған адамның денесі мәйітханаға зерттеуге жіберілмейді және туыстарына берілмейді. Диагнозы әзірге расталмаған бірақ ауру белгілері бар марқұмның денесі зерттеу қорытындысы белгілі болғанға дейін туыстарына берілмейді.

"Жерлеуге дайындық кезінде коронавирустан көз жұмған марқұмның сүйегін жуар алдында оның бетіне вирулицидпен шыланған дымқыл маска қою керек. Сүйекті жерлемей тұрған кезде марқұмның денесіне дезинфекциялайтын сұйықтықтармен шыланған шүберек жауып қою керек" делінген қаулыда.

Мұсылмандық ғұрыпқа сәйкес сүйекті жуу рәсімі медициналық мекемелерде өтеді. Оған үш адамнан артық қатыспайды. Сүйекке кіретін адамдар қорғаныш киім киіп, сүйекті дезинфекциялайтын сұйықтықпен жуып, кебінге орайды. Сосын полиэтилен пленкаға орап, қалың матамен тыстайды.

Марқұмның сүйегі жерлеу өтетін жерге металл немесе ағаш табытпен әкелінеді. Жерлеу кезінде бетін ашуға тыйым салынған.

Қоштасу рәсімінде туыстары табыттан кемінде үш метр жерде алшақ тұруы керек. Марқұмның сүйегіне жақын келуіне тыйым салынған.

Жерлеу рәсіміне тек жақын адамдары ғана қатыса алады. Қауіпсіздік ережелері сақталуы үшін жерлеу тобы (бес адам) жасақталып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары оларға бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс.

Жерлеуге қатысқандар 14 күн дәрігерлер бақылауында болады.

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мұсылмандар діни басқармасының осыған байланысты пәтуа шығарып, православ шіркеуі өкілдерінің нұсқаулық жасағанын айтқан еді.

Айдары: Найзағай 31.03.2020 43

Қатысты мазмұн