Қазақстанда бір тәулікте 3 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

none

13 қыркүйекте 2 801 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 300 адамға аз.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматыда 611 адамнан коронавирус анықталған. Алматы қаласы коронавирустың бір күндік көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Дүйсенбі күні Қарағанды облысында 381 науқас тіркелген. Астанада бір күнде 324 адамнан инфекция анықталған.

Індет басталғалы бері 845 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 10 427-ы қайтыс болған.

Маусым айының соңынан бері күн сайын бірнеше мың науқас тіркеліп келеді. Шілде мен тамызда күндік көрсеткіш 7 мыңнан асқан. Мамандар ауру өсімін вирустың қауіпті әрі тез жұғатын түрі – дельта штаммен байланыстырған.

Жексенбі, 12 қыркүйекте Қазақстанда коронавируспен байланысты 83 адам өлімі тіркелді: 73 адам – коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Қазақстан 2020 жылдың 1 тамызынан бастап ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын "ковидтектес пневмония" есебін жүргізіп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түріне 72,8 мың адам шалдыққан. Оның ішінде 4687 адам аурудан айыға алмай қайтыс болған. 12 қыркүйекте 24 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

Айдары: Найзағай 14.09.2021 53

Қатысты мазмұн