Қазақстанда бір күнде коронавирус жұқтырған 8 мыңға жуық адам анықталды

none

29 шілдеде Қазақстанда коронавирус бойынша тағы рекордтық көрсеткіш тіркелді: 7778 адамның коронавирус тесті оң көрсетті. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Одан бөлек, тағы 304 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан.

Елде вирус өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, маусым айымен салыстырғанда қазір ауру өсімі 5,2 пайызға артқан. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Қарағанды облысында күн сайын бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркеліп жатыр.

Бейсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 1555, Алматы қаласында – 1680, Қарағанды облысында 931 адамнан коронавирус анықталды. Шымкент пен Атырау облысында бір тәулікте 400-ден астам науқас табылған. Қалған облыстар мен қалаларда орташа есеппен 150-300 төңірегінде науқас анықталып жүр. Қазір "сары аймақта" Түркістан облысы ғана қалды.

Бір күн бұрын бас санитар дәрігер вирус қатты күшейген аймақты "қанық қызылмен" белгілеу жөнінде қаулы шығарған.

Елде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші жоғары. 28 шілдеде 101 адам қайтыс болған: 80 адам – коронавирустан, 20 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған деп айтылады.

Билік індеттің өршуін дельта варианттың тарауымен байланыстырады. "Дельта" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам жұғады және асқынуы да тез. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда дельта маусым айында тіркелген.

Қазір 93 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 26 мыңы стационарда ем қабылдап жатыр. 2 мыңға жуық адамның жағдайы ауыр. 180 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

28 шілде күнгі мәлімет бойынша, елде ауруханалардың 53 пайызы, реанимациялардың 43 пайызы бос емес. Билік ауруханадағы орын тапшылығы туралы айта бастады.

Індет басталғалы бері 564 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 60 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5780 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3697 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.

Айдары: Найзағай 30.07.2021 99

Қатысты мазмұн