Қазақстанда 4 сотталушыға химиялық кастрация үкімі орындалды

none

Қазақстанда "Зорлау" бабы бойынша сотталған төрт тұтқынға химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатыр. Процедура бір реттік қана емес және жарты жылға созылмақ. Бұл ақпаратты ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) хабарлады.

"Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары және Шымкент қаласы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде төрт сотталушыға аумақтық денсаулық сақтау органының медицина қызметкерлері тексергеннен кейін химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу қолданылады" делінген комитет хабарламасында.

ҚАЖК дерегінше, қазіргі кезде қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде химиялық кастрация қолдану туралы сот шешімі шыққан 11 тұтқын бар. Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда екі жыл ішінде 15 адамға химиялық кастрация қолдану туралы сот үкімі күшіне енген.

Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деп айыпталып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан тұтқындарға қолданылады.

Шілде айының соңында Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "кәмелет жасқа толмаған екі қызды зорламақ болды" делінген ер адамға химиялық кастрация шарасын қолдануға үкім еткен.

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген.

Айдары: Найзағай 03.12.2019 10

Қатысты мазмұн