Қазақстанда 3,5 мыңнан астам нысан террордан қорғалмаған

none

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам нысан террордан қорғалмаған, олардың арасында білім беру мекемелері де бар деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Татьяна Яковлева.

"2015 жылдан бастап заңнамаға нысандарды терроризмнен қорғау жөнінде талап енгізіліп, сәйкесінше тексеру жұмыстары жүргізілген. 2019 жылы мемлекеттік органдарға қарайтын 10 мыңнан астам нысанды тексеру кезінде олардың 35 пайызынан заңбұзушылық анықталған. Олар - бірінші кезекте маңызды мемлекеттік стратегиялық нысандар, арасында білім беру нысандары да бар" деді Яковлева.

Сәрсенбі күні мәжілісте "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланған еді. Мәжіліс отырысында нысандардың террордан қорғалмауының басты себебі қажетті дәрежеде қаржыландырмау екені айтылды.

Бұл мәселе бойынша журналистер сұрақтарына жауап берген ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризммен күрес орталығы штабы бастығының орынбасары Герман Диденко "депутаттар орынды мәселе көтерді, жұмыс тәртібі бойынша мәселені шешеміз" деп жауап берді. Оның айтуынша, 2018 жылы нысандарға қауіпсіздік жүйелерін орнату үшін 1,5 миллиард теңге бөлінген. Диденконың сөзіне қарағанда, нысандарды қауіпсіздік жағынан тексерумен ішкі істер министрлігі айналысады, ал орталық үйлестіру мәселелеріне жауапты.

Қаржы министрі Әлихан Смаиловтың айтуынша, қазір "террордан қорғалмаған" нысандар қатарына енген мектептер үшін ең негізгі мәселе камера орнату және тиісті офицерді бекіту мәселесі болып отыр. Оның айтуынша, терроризм және діни экстремизммен күрес бойынша бес жылға арналған тиісті бағдарлама қабылданған. Биыл сол бағдарламаны іске асыру үшін 58 миллиард теңге бөлінген. Келесі жылы - 26 миллиард теңге, әрі қарай жыл сайын 36 миллиард теңгеден бөлінбек.

text

Айдары: Найзағай 11.12.2019 54

Қатысты мазмұн