Қазақстан сын-қатерлерден қалай шығынсыз өте алады?

none

Жақында Мемлекет басшысы танымал америкалық The National Interest журналында беделді консервативті аудиторияға арналған «Еуразиядағы турбуленттілік Қазақстанның ілгерілеуін бәсеңдетпейді» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың қай жерде жарияланғанына қарап, Қ.Тоқаевтың негізгі жазбалары отандық аудиторияға емес, шетел жұртшылығына арналған деп болжауға болады. Сондықтан, бұл материал, әрине біздің елде кеңінен талқылауды тудырды.

Осыған ұқсас өзге де мемлекет басшылары мен белгілі саясаткерлердің мақалаларының болғанына қарамастан, Қазақстанның төңірегінде қалыптасқан қазіргі жағдайда бұл оқиғаны қатардағы статистика деп қабылдауға болмайды.

Батыс елдерінің жекелеген саясаткерлері мен депутаттары тікелей талқылап жатқан америкалық және еуропалық санкциялардан Қазақстан бір қадам қалды. Ғаламтордан «тәжірибелі кеңестерді», санкциялық шектеулерді оңай айналып өтуді және Қазақстанды АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларына қарсы «артқы есік» ретінде пайдаланудың түрлі мысалдарын табу оңай. Осындай жағдайларда ресми Астананың Кремльдің саясаты мен іс-әрекетінен алшақтығын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысының мақаласы – АҚШ пен ЕО-ның Украинаны қолдау жөніндегі саясаты мен шешімдеріне қатысты шенеуніктердің ортақ хабарламасы. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары дәл осындай хабарламалармен сұхбат беріп қана қоймай, Қазақстанның ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларын айналып өтетін тетікке айналмайтынын растау үшін Брюссельге барғаны белгілі.

Америкалық The National Interest журналы бүкіл әлемге танымал басылым. Бұқаралық ақпарат құралдары оны АҚШ-тың бұрынғы басшыларының әкімшілігіндегі «сұңқарлар» тобымен жиі байланыстырады. Олардың ішінде ең танымалы АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісі Генри Киссинджер болды. Қазіргі уақытта журнал АҚШ-тың әлемдік державаларымен, соның ішінде Ресей және Қытаймен қарым-қатынастарындағы міндеттері мен сын-қатерлерін талқылайтын миллиондаған оқырманы бар алаң ретінде танымал. Қазақстан Президентінің ұстанымын ғалымдар ғана емес,Вашингтонда «десижн мейкерлер» байқайтыны анық.

Қазақстан басшысы қозғаған басты тақырыптардың бірі Украинадағы соғыс болды. Қ.Тоқаев тікелей оның нағыз «соғыс» екенін атайды.Осы хабарламаның өзі Қазақстанның «арнайы әскери операцияға» қатысты өзіндік пікірі бар екенін көрсетеді. Әлбетте, бұл жағдайда Қазақстан Ресейдің Украинадағы соғысқа қатысты үгіт-насихатына және ресми ұстанымына қосылмау туралы нақты және біржақты ұстанымда болды. Қ.Тоқаевтың Украина туралы айтқандарын ресейлік БАҚ пен сол елдің саясаткерлері тарапынан сынға ұшырайтынын болжау қиын емес.«Дүние жүзіндегі елдердің басым көпшілігі сияқты Қазақстанның да Украинамен достық қарым-қатынастың терең дәстүрі бар. Біз оның аумақтық тұтастығын құрметтейміз»,-деген пікірі Киевке қатысты ресейлік саясаткерлер мен журналистердің қазіргі беріп отырған бағаларынан мүлдем бөлек. Бірақ Украинадағы жағдайдың шиеленісе түскеніне және бүгінгі Ресейдің саяси қайраткерлері мен ресми бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдемелеріне сүйене отырып, соғыс жағдайында Қазақстанның одан әрі ұстанымын елестету қиын. «Қазақстан мен Ресей арасында әлем бойынша ең ұзын шекара бар», деп астарлап айтудың өзі Қазақстанның Мәскеумен қарым-қатынасындағышектеуді көрсетеді.

Шетелдік ғалымдар мен қарапайым оқырмандарға жолданған тағы бір маңызды тақырып - «Қаңтар оқиғасы» болды. Дегенмен, жергілікті халыққа қақтығыстың себептерін түсіндіруде «қарулы басқыншылық актісі», «елден тыс жерде дайындалған лаңкестік топтар» сияқты осыған дейін айтылып келген ақпараттармен шектелген жоқ. «Мен 16 наурызда Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған және оны жеделдететін маңызды реформаларды ұсындым. Олар Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-экономикалық және азаматтық мәселелерін шешуге арналған. Біз олардың дауыстарын анық естідік», деп ел басқаруда жаңа тәсілді қолданатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан президентінің 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында оған дейін берген уәделерін қайта еске түсірді. Бұл да маңызды жайт болып табылады. Мақалада «мемлекеттік билікті орталықсыздандыру», яғни басқаруды бір орталықтан жүргізуге жол бермеуі, «бақылау және тепе-теңдік жүйесі» сияқты түсінікті терминдермен елді демократияландырудың жаңа кезеңі басталатынын тағы да растады.Сыбайлас жемқорлықпен, непотизммен күресуге, Президент аппараты, Парламент, жергілікті әкімшіліктер, сот және құқық қорғау жүйелері сияқты негізгі мемлекеттік органдарды реформалау туралы бұрыннан қозғалып келе жатқан мәселелер тағы көтерілді. Әлбетте, бұл демократиялық өзгерістер журналдың америкалық оқырмандарын Қазақстан басшылығының батыс қоғамының демократия, адам құқықтары, азаматтық қоғам және ашық сайлау сияқты қағидаттары мен құндылықтарымен бөлісетініне сендіруге тиіс.

Мақала the National Interest журналының негізгі оқырмандары болып табылатын дипломаттарға ғана емес, қоғамға, АҚШ ғалымдары мен саясаткерлеріне арналған қоғамдық дипломатияның үлгісі болды деп қорытынды жасауға болады. Мақаладан Қазақстанның ұлттық мүдделеріне адал екенін аңғару қиын емес. Ал, бұл АҚШ пен Еуропалық Одақта басымдыққа ие екені анық.

ҰҚШҰ мен Еуразиялық Одақ аясындағы мүшелік пен міндеттемелерге қарамастан, Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. ЕО мен АҚШ-тың Қазақстанға қарсы ықтимал санкцияларының қаупі мен тәуекелі де Астана үшін «Еуропа және Америка Құрама Штаттарымен отыз жылдық берік достығымыз бен ынтымақтастығымызды нығайтудың» «дәлелі» болып табылады.

A+Analytics

Айдары: Дүрбі 12.04.2022 73

Қатысты мазмұн