Қазақстан "Қорғас" бекетін жауып, әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейтті

none

Мұндай шешім 26 қаңтарда премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен үкімет отырысы кезінде қабылданды. Онда негізінен Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланды.

Отырыста "мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту (әуе, көлік және темір жол нысандары да)" туралы шешім қабылданды.

Бұған қоса, төмендегідей шешімдер қабылданған:

Қытайдан келгендерді медициналық бақылаудан өткізу;

Эпидемиологиялық ахуалмен байланысты төтенше жағдайға дайын болу, медициналық мекемелерді әзірлеу;

Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, жеке және туристік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес беру;

Транзитпен келген Қытай жолаушыларына Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беретін режимді тоқтату;

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінде жұмысты уақытша тоқтату;

Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру;

Қажет жағдайда Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын шұғыл эвакуациялау;

Қазақстанда ведомствоаралық комиссия құрып, коронавирустың таралуына жол бермеу туралы жоспар әзірлеу;

Соңғы дерек бойынша, 2019-nCoV атты жаңа вирустан 56 адам көз жұмды, вирусты жұқтырғандар саны 2000-ға жуықтады. Вирус ошағы Қытайдың орталық бөлігінде орналасқан 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласы деп айтылады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Уханьда қазақстандық 200-ден астам студент тіркелген. Оның 94-і қазір "жабық қалада" жүр.

23 қаңтар күнгі дерек бойынша, Қазақстанда "коронавирусты жұқтыру оқиғасы" тіркелмеген.

Айдары: Найзағай 26.01.2020 48

Қатысты мазмұн