Қазақ қоғамы ЛГБТ бойынша позициясын анықтай алмай жатыр

none

Дәстүршілдіктен арыла қоймаған қазақ қоғамы үшін ЛГБТ қиын мәселе. Қоғам қайраткерлері, әсіресе халыққа жағынуды ойлайтын саясаткерлер анда-санда шеру жасап, өздерінің құқықтарын талап ететін ЛГБТ өкілдерінің ісіне ашық әрі айқын позиция білдіре алмайды. Себебі, таразының бір басында дәстүршіл халық, екінші басында бір жынысты адамдардың некелік қатынасы үшін жазаны жойған АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланд, Бельгия және т.б. демократиялық батыс елдері қолдайтын ЛГБТ мәселесі тұр. Мұндайда таңдау жасау қиын: қазақ халқы да теріс айналып кетпеу керек, өзіңді демократпын деп атаған соң либерализмге де адал болу қажет.

Осындай күрделі жағдайда шетелге қашып кеткен, бұдан былайғы өмірі Қазақстанмен байланысты емес Мұхтар Әбілязовке таңдау жасау қиын емес. Себебі, ол саясаткер ретінде қазақ халқынан қолдау күтпейді, мұндағы қоғамдық пікір ол үшін маңызды емес. Оның үстіне, Әбілязовтің қол жинап Қазақстандағы сайлауға қатысу жоспарында жоқ. Оның қазақ халқына құсы түсіп отырған жоқ. Сондықтан ол және оның шетелдегі Б.Жәрдемәлі, Л.Козловская секілді жалдамалы заңгерлері ЛГБТ-ны ашық қолдап жүр.

Ал, демократиялық партия құрып, билікке сайлау арқылы жетуді көздеп жүрген Жанболат Мамай үшін ЛГБТ мәселесі бойынша белгілі бір ұстаным білдіру қиын. Егер Мамай ЛГБТ-ны қолдап бір ауыз лебіз білдірсе, онда оны дәстүршіл қазақ қоғамы талап жеп қоюы мүмкін, сөйтіп ол халықтың қолдауынан айырылып қалады. Қазақ қоғамы ЛГБТшыларға қарсы талай мәрте өре түрегеліп, ауқымды ақпараттық майдан құрған. Бұл мәселеге қатысты ашық пікір айтып, анық позиция танытқандардың ішінде белгілі қоғам қайраткерлері де бар. Олар қоғамдық пікірден қорқып бұғып қалған жоқ. Ал Мамай бұл позицияда болған емес.

ЛГБТ өкілдері қазақ қоғамының құрамдас бөлігі екенін, олардың құқықтары да ескерілуі қажеттігін айтқан қайраткерлер де болды. Өзін оппозиция санайтын Мамай бұл позицияда, бұл ұстанымда жоқ. Бірақ ол өзін демократ санайды, либерал екенін үнемі айтып жүреді. Еуродепутаттармен, АҚШ елшілігі қызметкерлерімен анда-санда кездесетін ол өзін либерал етіп көрсетуге тырысады. Мамай шетелдік ұйымдардан грант алуға мүдделі, басқа да көмектен дәмеленеді. Сондықтан ол екі оттың ортасында қалғандай күй кешіп, екі қайыққа бұтын артып тұр.

Әсілінде, ірі саясаткер болуды армандап, саяси күрес майданына бел шешіп шыққан адамның принципшіл болмай тайғанақтай беруі дұрыс емес. Кереғар екі позицияның бірін, ерте ме, кеш пе, таңдау керек. Мұны осы бастан жасаған абзал. Позиция таңдаған соң, сол ұстанымның дұрыстығын халық алдында қорғап шығып, қажет болған жағдайда насихат жүргізгені де жөн. Саясаткер - сонысымен саясаткер.

Тарихқа үңілсек, қандай да бір қоғамды өзгерістерге бастаған, жаңа құндылықтарды өмірге енгізген саясаткерлер еді. Олар сол ісімен, ұлы өзгерістердің бастамашысы болуымен есте қалды. Бұқпантайлап, анық позицияда тұрмай тайғанақтай беру абырой бермейді, қулыққа салып, қоғамдық пікір алаңының шетіндегі бұлтарыс-қалтарыспен қашып кету мүмкін емес, түбінде тығырыққа тіреледі.

Мұны жас саясаткер Жанболат Мамай біле ме екен?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 31.05.2021 64

Қатысты мазмұн