Қаз дауысты қанша қазақ бар?

none

«Қаз дауысты Қазыбек би қазақта біреу еді, енді екеу болды»

Әлеуметтік желіде «мас депутаттың ісі» аталып кеткен шу әлі басылмай жатыр. Жаңа сайланған Мәжілістің алғашқы жұмыс күнінде «Ақ жол» партиясы тізімімен сайланған депутат Қазыбек Исаның қонақүй дәлізінде тілі күрмеліп, дұрыстап сөйлей алмай, қисаңдап жүрген видеосы тараған. Депутат төсбелгісін тағып алған ол «мен әлі депутат емеспін, депутат болу-болмауымды ертең халық шешеді» деп өтірік айтуға тырысты. Осы видеодан кейін әлеуметтік желі қолданушылары екіге жарылды. «Қазыбек Иса парламенттегі қазақ тілінің жалғыз жанашыры, оны қаралап жатқандар орысқолдар» деген пікір басым. Екінші тарап «депутат алғашқы жұмыс күнін арақ ішіп, жалған сөйлеумен бастады, жетіскен екен» деп сынады. Сатирик Көпен Әмірбек «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Исаның депутат болғанда «қалпағын аспанға лақтырып» қатты қуаныпты. Ол депутаттың «ел мүддесі үшін ең көп «гол» салатын атақты сұрмерген шабуылшы болатынына жүдə сенімді». «Жұрт не десе о десін, Қаз дауысты Қазыбек би қазақта біреу еді, енді екеу болды. «Екіншісі кім?» дейсіз бе? Қазақтың ұлы Қазыбек Иса» деп жазды ол.

К.Әмірбектің бұл сөзіне кейбір сыншылар «Қазыбек Исаны ақтаймын деп, Қазыбек биді масқараладың» деген сыңайда сөз айтып, қарсы шықты.

Шуға себеп болған видеоның авторы журналист Ербол Мәндібек ертесіне депутат Қазыбек Исаның «жеке өміріне қол сұққаны» үшін кешірім сұрап, видеоны парақшасынан алып тастағанымен, шу басылған жоқ, қайта одан сайын өршіді. Видеоны көшіріп алып өзінің парақшасына жүктеп алған журналист Ораз Әлімбеков «депутаттың жеке өмірі жоқ» деп санайды. «Депутат деген халықтың достояниесі. Бұл - ұлттық, жалпыхалықтық жариялықтың құқықтық категориясының бір қыры. Оның үстіне депутат деген жария саясаткер, оның жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені сайлаушының көз алдында болу керек. Бұл жерде қазақы көңілжықпастыққа орын жоқ» деді ол.

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазыбек Исаның түсіндірмесін жариялады. Қ.Исаның айтуынша, Мәжілістің алғашқы жұмыс күні ол арақ ішпепті. Ол видеодағы жағдайын соңғы күндері қатты шаршағанымен, қан қысымы 200-ге дейін көтеріліп кетуімен, сондай-ақ омыртқа жарығы салдарынан ауырсынуды басатын дәрі ішуімен түсіндіріпті. Осыны растайтын медициналық құжаттарды «Ақ жол» фракциясының комиссия төрағасына әкеліп көрсетуге уәде беріпті. Ал А.Перуашев депутат Қ.Исаның мәселесін зерттеп, даудың анық-қанығына жетуді комиссия төрағасына тапсырды.

А.Перушевтің мәлімдемесі дау-дамайды баса алмады. Енді сыншылар депуттатың денсаулығына күмән келтіріп жатыр. «Омыртқасы жарық, қан қысымы 200-ге дейін көтеріліп кете беретін депутат Мәжілісте қалай отырады, қалай жұмыс істейді?!» деп, Қазыбек Исаның депутаттық мандатын басқа ақжолдыққа беруді талап ететін жазбалар жариялауға ойысты.

«Балаға ешкім өз ата-анасындай мейірімді бола алмайды»

Фейсбук әлеуметтік желісінде "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы қызу талқыланды. Жұрттың бір бөлігі заң жобасын мақұлдаймыз десе, бір бөлігі оған қарсы. Блогер Азамат Битанның ойынша, бөлініп, араздасып жатқанша, ортақ бір мәмілеге келген жөн. Рас, заң жобасында қазақ халқының дәстүрлі бала тәрбиесі, отбасы, әулетке қатысты таным-түсініктері мүлдем ескерілмеген. Яғни ұлттық психологиясы, өмір сүру принциптері мен ұлттық менталитеті қалыс қалған.

«Заң жобасы тұрмыстық проблемалардың себептерімен емес, салдарымен күресуге арналғандай. Біз отбасындағы кикілжің неден туады, оған не түрткі деген мәселелерді алға тарта отырып, күресті ең бірінші сол проблемалардан бастауымыз керек» деп санайды А.Битан. Оның айтуынша, заң жобасы тар пәтерде өмір сүріп жатқан отбасылардан балаларды күштеп алып кетуге рұқсат береді. Мүгедек, көп балалы отбасыларға алғашқы жарнасыз пәтер беретін мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс. Содан кейін ғана бала құқығын талап етуге болады.

Блогер Хайдар Әлпінің ойынша, жаман бала болмайды, жаман отбасы болады. Бала кездегі стресс оның кейінгі тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге қатаң қараған орынды. «Қит етсе баласын сабай жөнелетін, әрқашан айғай-шумен баласын тиып, тежеп, түрмеде ұстап отырғандай болатын ата-аналар бар... Айтатындары "өз балам, не істесем де болады". Бұл - ең Тәңірі ұрған сөз!» деді Хайдар Әлпі.

Оның айтуынша, балаларына дұрыс қарамай, ішімдікке салынып, кезбелікке салынып жүргендер де жоқ емес. Дегенмен, олардың саны аз. Отбасында ата-ананың ұрсуы, кейде құйрығынан қағып жіберуі қалыпты нәрсе, өйтпей ешкім тәрбие көрмейді. Оның бәрін қылмысқа жатқыза беруге болмайды. Сондықтан заң жобасының өрескел тұстарын түзетіп, ана мен бала құқықын қорғауға жаңа серпіліс беретіндей етіп қабылдау керек.

Заң жобасы төңірегінде туындаған қызу талқылау билікті де бей-жай қалдырмады. Мәжіліс дептуаты Ерлан Саиров «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, ата-аналар, қоғам өкілдері, сарапшылар, әлеуметтанушылармен жан-жақты, бүге-шіге қарастырылып, қайтадан енгізілетін болады» деп жазды ол.

«Жау жоқ деме, жар астында»

21 қаңтардың кешінде, шамамен бір мезгілде Қытайдан шекара бұзып қашып келіп Қазақстанды паналап жүрген екі оралманға қастандық жасалды. Бұл туралы тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан хабарлады. Оның айтуынша, Қайша Ақанқызына жасалған шабуыл үйінің маңында болған. Оны дүкеннен келе жатқанда қараңғы бұрыштан біреу шығып, белгісіз затпен басынан екі рет ұрған, қылқындырып сүйреген. Қайша есінен танып қалған. Оқиға орнына келген полиция қызды жедел жәрдеммен емхнаға жіберген.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқан Мұрагер Әлімұлын екі адам жабылып пышақтап кетіпті. «Оның жағдайы ауыр» деді Бекзат Мақсұтхан. Ол жедел жәрдем көлігінде жатқан Қайша мен Мұрагердің суреті мен видеосын әлеуметтік желіге салды. Мұны көрген желі қолданушылар түрлі пікір айтып жатыр. Көпшілігі бұл оқиғаны Қытайдың саяси тапсырмасын орындаған «қытайшылдардың ісі» деп санайды.

Мұрагер Әлімұлы Қастер Мұсаханұлы екеуі Күршім ауданындағы қытай-қазақ шекарасындағы тікенек сымды қиып қашып келген. Ал Қайша Ақанқызы Қорғас шекара бекетінен қулықпен тығылып өтіп кеткен. Шекарадан заңсыз өткені үшін М.Әлімұлы бір жылдық түрме жазасын, Қ.Ақанқызы шартты жаза алды. Жазасын өтеп шыққан соң, оларға «пана іздеуші» куәлігі берілген. Қастандық оқиғасын тағы бір оралман қазақ Салтанат Құсманқызының (қазір Қазақстан азаматы) сотталуымен байланыстырып жатқандар да бар. Қазақ күйеуі өлген соң, қытай әйелдің басқаруына өткен қазақстандық «Ас-Ай» компаниясында аудармашы болып істеген С.Құсманқызы «240 мың доллар ақша ұрлады» деген айыппен 8 жылға сотталған. Қалалық сот оны ақтап, тергеу изоляторынан шығарып жіберді. Дегенмен, осы жылдың басында ҚР Бас прокуратурасының талап арызы негізінде тағы да сот өтіп, С.Құсманқызы қайта 8 жылға сотталды.

Астаналық блогер Раушан Қалмомынұлының ойынша, соңғы күндері «қытай жансыздары» оралман қазақтарға жан-жақтан қысымды күшейтіп жатыр. «Салтанаттың қайта сотталуы мен кешегі екі қандастың соққыға жығылуы бекер емес. Жау жоқ деме, жар астында» деп жазды ол.

spik.kz

(Әлеуметтік желіге шолу)

Айдары: Бақ-бақ 27.01.2021 295

Қатысты мазмұн