Қашқын олигарх халықтан адвокатқа ақша сұрап жүр

none

Қазақстандағы мемлекеттік билікті құлатуды өмірінің мақсатына айналдырғанын мәлімдеуден жалықпайтын қашқын олигарх Әбілязов жақында Франциядағы саяси босқын мәртебесінен айырылды. Президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысатын және қылмысын дәлелдейтін фото-видео жасайтын адамдардың барлығына миллиондап сыйлық беремін деп лепірген ол тағы да халыққа алақанын жайып отыр. Әуелде төңкеріс жасауға ақша жинаңдар деп қиылып сұраса, енді өзіне адвокат жалдауға қаражат керек екенін алға тартады.

БТА-банктің қыруар қаржысын, соның ішінде ықпалды шенеуніктердің ақшасын қашып бара жатқанда өзімен ала кеткенін ұмытқан ол сол кездегі билік оның бизнесін тартып алғанын айтады. Аудиториясына адал, судан таза, сүттен ақ болып көрінгісі келіп барын салуда. Ара-тұра өзінің сөзіне өзі де сеніп қалатын сияқты.

Жалпы шетелде қашып жүрген уақытын бос өткізбей актерлік өнерді меңгеруге күш салса керек. Өзінен режимнің құрбаны образын сомдауға тырысуда. Дәл осы режимнің бір бөлігі болғанда қыруар байлыққа қолы жеткенін, дәл сол тұста алуан түрлі схемамен тез байығанын "ұмытып", "нағыз демократқа" айналған кезі ғана есінде бар.

Оқуды бітіргеннен кейін материалдық көп қиындық көргенін айтып, сол кезде ақша үшін студенттерге бақылау жұмыстарын сатумен айналысқанын жасырмайды. Сөйтіп отырып, студенттер дайын нәрсеге үйреніп алған соң олардан жақсы маман шықпайды деп есептейтінін, бірақ ақша үшін бұл принципін аяқасты етуге мәжбүр болғанын айтады. Яғни, «данышпан» Әбілязов сол кезден-ақ тура жолдан тайып, ақша үшін бәрін істеуге дайын болған.

Ақшаға бәрін де ойланбастан сатып жіберетін «революцияның көсеміне» кім сенеді? Алаяқ қай жерде жүрсе де, алаяқтығын қоймайды. Алдағы уақытта оны бірнеше елде сот күтіп тұр. Оған шыққан үкімді өтеуге өмірі жетпейтін шығар. Жанталасып адвокатқа ақша сұрап отырғаны да содан.

Айдары: Түтін 15.12.2022 82

Қатысты мазмұн