Қарағандыда 10 көшенің атауы ауысты

none

13 қаңтарда кешке қарай Қарағандыда советтік ескі атауы өзгермеген көше аттарын ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Талқылау қаланың шеткі аудандарының біріндегі Достық үйінде өтіп, жиынға мыңнан астам адам қатысты. Қала билігі ғимарат кең әрі көп адам сиятын болғандықтан таңдалғанын айтты. Қоғамдық тыңдауға жиналғандар залға лық толып, сыймағандар көрші бөлмеде отырды. Олар талқылауды видеобайланыс арқылы көрді. Залды да, көшені де полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Ең басты талқылау қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының есімі ұсынылған Ленин даңғылының атауын өзгертуге арналды. Ұсынысқа жиналғандар түрлі эмоция білдірді. Көпшілік Абайдың атына беруді қолдады, алайда қарсылық білдіргендер де болды. Залда отырғандардың кейбірі Қарағандыдағы Ленин ескерткішін де алып тастау керек десті. Ленин көшесінің атауын өзгертуге қарсылық білдіргендердің дауысы ысқырық, айқай-шудан естілмей қалды. Олардың сөйлеуіне халықтың басым бөлігі мұрсат бермеді. Көше атауын өзгертуді құптағандар Совет одағы қазақ халқын аштыққа, қуғын-сүргінге ұшыратқаны айтылғанда көпшілік қол соғып, қошемет білдірді.

Барлығы 10 көшенің атауын ауыстыруға ұсыныс берілген. Тізім жасақталды, енді көше атауының ауысқаны бекітілуі керек. Атауларды ауыстыруға бюджеттен 3 миллион теңгедей қаржы керегі айтылған. Залда «тақтайшаларды ауыстыруға салық төлеушілердің қаржысы кетеді» деп ашуланғандар болды. Енді бірі қазір ақшаны көше атауын ауыстыруға емес, қалада шешілмей жатқан мәселелерге жұмсау керек деді.

Жиында Қарағандыдағы Волочаевский көшесін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Даңқ» орденінің толық кавалері, «Құрмет» орденінің иегері Қамали Дүйсенбековтің құрметіне беру туралы шешім қабылданды. Кувская көшесі енді Совет одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қазыбек Нұржановтың, ал Кривогуз көшесі ақын Қасым Аманжоловтың есімімен аталады. Защитная көшесі этнограф, фольклорист Григорий Потаниннің атына ауысты. Олимпийская көшесіне еңбек ардагері, Қарағандының құрметті азаматы Нарманбет Төлеповтің есімі берілді. Ал Аманжолов көшесі бұдан былай Балқантау деп аталмақ (Қарағанды облысы аумағында осылай аталатын тау сілемі бар). Нұржанов көшесі Мерей атауына, Приканальная көшесі Сарыарқа атауына ауысты.

Айдары: Найзағай 14.01.2020 19

Қатысты мазмұн