Қаңтардағы тұман сейілген жоқ

none

Бизнестен саясатқа келіп, саясаттан бизнеске кетіп, одан саясатқа қайта оралған Болат Әбілевтің ұйымдастыруымен өткен Қаңтар оқиғасының себебін талдау конференциясында мардымды ештеңе айтылмады.

«Қаңтар оқиғасына кім кінәлі?» деген тақырыптағы басты баяндама сұраққа жауап бере алмады. «Қаңтар біреулердің әдейі ұйымдастырған оқиғасы» деп айтуға баяндамашының дәті бармады. Себебі, олай десе, «Қаңтар - биліктен өзгеріс талап еткен жастардың көтерілісі, булыққан демократтардың дүмпуі» деген пафосты аңыз тезисті жерге ұрғандай болып көрінеді. Қысқасы, Қаңтар оқиғасының себебін түсіндіргенде «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» жылдырмалатып өте шықты. Баяндама билік өкілдернің биік мінберден ылғи айтып жүрген сөзімен сабақтасып шықты.

Қаңтар оқиғасы – қазақтың трагедиясы. Бұл оқиғада запа шеккендер қазақтар. Неге екені белгісіз, оқиғаға қатысушылар мен қайтыс болған адамдардың туыстары түгел қазақ бола тұра, осы жағдай үнемі орыс тілінде талқыланады. Болат Әбілев құрған заңгерлер тобы түгел орыс тілінде сөйледі. Талқылау орысша өтті десе де болғандай.

Болат Әбілевтің саясаттан бизнеске соңғы кетуінде қазақшасы әжептеуір түзеліп қалып еді, бизнесте жүрген бірнеше жылда қайта қарайып қалыпты, қазақша ойын жеткізе алмай әлек болды. «Қаңтар оқиғасына алты ай толды, оқиғаға баға беруге … осы уақыт аз ба, көп пе?» деген сұрақ қойып алды да, оған жауап бермеді. Сараптау, пайымдау жоқ. Қалалардың инфраструктурасын қиратып өртеген, дүкендерді тонған мародерлер бизнеске қанша зиян келтірілгені жабулы қан күйінде қалды. Бизнесмен саясаткер бұл мәселені айналып өтті.

«Шешінген судан тайынбас» деген. Бірақ Әбілев бір нәрсені айта алмай кібіртіктей береді. Әлде ол Қаңтар оқиғасына қатыспағанына, дәл сол кезде шетелде болғанына өзін кінәлі санап, қуыстанып жүр ме? Түсініксіз. Әйтеуір, «көше саясаткері» деген атақ алып, жарқ-жұрқ еткен бұрынғы Болат жоқ. Шаршаған, әлдебіреудің итермелеуімен саясат алаңына амалсыз шыққан адам сияқты.

Мұндай жігері құм болған адам құрған топ Қаңтар оқиғасын бүге-шігесіне дейін ақтарып, оны элита ішіндегі итің-қыржыңмен және геосаяси жағдаймен байланыстыра отырып объективті саяси һәм құқықтық баға бере алмайды. Себебі Әбілев тобы Қаңтар оқиғасы тақырыбын өзінің жарнамасы үшін, билікпен саяси сауда жасаудың тетігі үшін таңдаған секілді. Бұл - саясаттағы саяси ойын салудың бір әдісі. Сондықтан шындап кіріспеген адам Ақиқатты ашуға асықпайды.

Ораз Әлімбеков

"Фейсбук" парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 06.07.2022 45

Қатысты мазмұн