Қаңтар оқиғасында "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болған" үш адам шартты жазаға кесілді

none

5 шілде күні Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болған" Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаевтың бас бостандығын үш жары жылға шектеді. Осы уақытта олар пробация бақылауында болады, жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады. Құзырлы органдарға ескертпей тұрғылықты жерін өзгерте алмайды. Көңіл көтеретін орындарға баруына, әлеуметтік желіні пайдалануына болмайды.

Сотталушылар бұған дейін тергеу органымен процестік келісімге қол қойған.

Бұл азаматтарға тергеу Қылмыстық кодексіндегі 269-баптың 1-бөлімі бойынша ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу") айып таққан.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжановтың айтуынша, сотталушы Елхат Қосыбаев 2022 жылы 5 қаңтарда Ақтөбе облысы әкімдігінің жанына жиналғандар алдында сөйлеген. Қосыбаев сөзінде Қазақстан аумағына билік сырттан әскер әкелмеуі үшін өзге өңір тұрғындары әуежай жұмысын тоқтатқанын айтып, наразыларды Ақтөбе әуежайына баруға шақырған, деп хабарлады azattyq.org.

5 қаңтарда кешкі алтылар шамасында Ақтөбе әуежайына Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек те барған. Олар "ғимараттың ішкі және сыртқы ахуалына бақылау жасаған", "әуежайға сырттан ешкімді кіргізбеген, сыртқа ешкімді шығармаған".

Айдары: Дүрбі 05.07.2022 73

Қатысты мазмұн