Қанат Сләм АҚШ-қа неге кетті?

none

Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарынан кейін даңқты боксшы Қанат Сләм: «Қытай маған көп нәрсе берді, жағда­йымды жасады, сонда да болса менің тарихи Отаныма оралғым келеді», – дегенде Қанатқа ішіміз жылып қалған-ды. Ол Қазақстанға оралғанда қарапайым қазақ өлгені қайта тірілгендей қуанған еді. Сырт көзге оған билік тарапынан барлық жағдай жасалғандай болып та көрінген. Өкінішке орай, мұның барлығы көзбояушылық болған секілді. Біздің бұлай деуімізге жуырда қазақстандық телеарналардың бірінен берілген Қанаттың сұхбаты дәлел болса керек. Өз Отаным деп келгенде жергілікті шенеунік­терден жылы сөз есіте алмаған боксшы ақыры америкалық бір компаниямен үш жылға келсім-шарт жасауға мәжбүр болыпты. Енді Қанат Слам алдағы үш жыл бойы АҚШ-тың атынан рингке шығып, солардың туын желбіретпекші. Желбіре­тіп те жүр. Осы уақыт аралығында ринг­ке бірнеше мәрте шыққан Қанат қарсылас­тарына дес бермеген. Барлығын нокаут­пен жеңіп жүрген көрінеді.

Сонымен, телеарнаға сұхбат берген Қанат не деді, енді осыған тоқталайық.

«Қытайда да қорқақ қазақ, бұл жерде де сол қорқақ қазақ. Өздігінен ештеңе шеше алмайды». Бұл сөзді Қанат жыламсырып отырып өз аузымен айтты. Әрине, орысша оқып, орысша сөй­лейтін шенеуніктердің құлағына боксшының сөздері жетпеген болар. Әйтпесе «Қанат неге бұлай дейді, біз оның қандай жағдайын жасамаппыз?» – деп ендігі біреуі шыққан болар еді ғой.

Елім деп келген ұланды еңіретіп жі­берген кім болды? Қанаттың қапаланып шетелге кетуіне кінәлі кім? Әрине, мұның барлығына кінәлі деп бүгінде Қа­зақстан спортын басқарып отырған кей­бір шенеуніктерден басқа кімдерді айтуға болады? Оларға елдің, халықтың намысын тегін қорғайтын спортшыдан гөрі шетелден қыруар қаржыға уақытша­ келген келімсектердің мүддесі қымбат. Шенеуніктердің шетелдік спортшыларға неге бүйрегі бұра беретінінің астарында не жатқанын кім білсін, әйтеуір олар жергілікті спортшылар десе жүре қарайтын секілді. Бұл жөнінде отандық басылымдар аз жазып жүрген жоқ, сонда да шығып жатқан нәтиже байқалар емес.

Қанаттың шетелге кетуіне жергілікті билікті кінәлайтындар көп. Солардың бірі, Алматы қаласының тұрғыны Софияхан Нәрікқызы былай дейді:

«Мен 1964-жылы Ташкенттегі мұғалім­дер институтының соңғы курсында оқып жүрген кезімде Монғолиядан келген талай қазақтың төлқұжатына өзбек деп жа­зып жібергеніне куә болғанмын. Екі студенттің қасына екі милиция қызмет­керін қосып, Ташкент қаласының төңіре­гін­дегі елді мекендерді аралататын. Мақсатымыз – 1957 жылғы көштің кезінде Монғолиядан келген адамдарды құжаттандыру. Олардың қолдарында Монғолия паспорты болды. Біздер сол паспорттарды жиып алып, бір аптадан кейін қолдарына КСРО-ның қызыл паспортын апарып беріп жүрдік. Жаңа паспорттағы «Ұлты» деген жерге «Өзбек» деп жазылатын. Қазақтардың арасында паспортын бермей қашқандары да болды, үйлеріне де кіргізбей қоятын. Бірақ милицияға қарсы тұра алмайды ғой, бірінші барғанда бермесе, келесі аптада тағы баратынбыз. Әйтеуір олардың қолдарындағы Монғолия елінің паспортын жиып алып жүрдік. Осы жұмыстарды ат­қарып жүргенде біз ештеңе түсінбедік. Ұлт жөнінде бас та ауыртпайтынбыз. Мұның барлығы сол кездегі Өзбекстан республикасын басқарып отырған адамдардың тапсырмасымен болғаны анық. Олар Өзбекстанда тұратын кез келген ұлттан өзбек жасауды сол кезден-ақ қолға алғанын қазір біліп жүрміз ғой. Осындай жолмен қаншама қазақ өзбек болып кетті. Мұны білмейтіндер көп, бірақ көзбен көрген адамның бірі – менмін.

Ал бүгінде Қазақстанда не болып жа­тыр? Елім деп Қытайдан бір спортшы келіп еді, оған дер кезінде азаматтық берілмеді. Естуімізше, соның кесі­рінен халықаралық жарыстарға қатысуға да кедергілер болған. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?

Шындығын айсам, мен де оралманмын. Азаматтықты жүгіріп жүріп әзер ал­дым. Мейлі, біздің күйіп бара жатқан ештеңеміз жоқ. Бір жылда, тіпті екі жылда берсін, әйтеуір азаматтықты алатыны­мыз анық. Бірақ Қанат секілді азаматтарға жеңілдік жасалуы керек еді ғой. Спортты басқарып отырғандар бір адам­ға азаматтықты тез беру жөнінде Елбасыға ұсыныс жасай алмайды дегенге кім сенеді? Анау ұлты қазақ емес адамдарға да азаматтық беріліп жатқан жоқ па? Олармен салыстырғанда Қанат Сләм өзіміздің қандасымыз ғой.

Енді не болады? Қанат Америкаға кетті, ол жақта жағдайы жасалады. Сонда Қанат Сләмнің қазақтан көрмеген қамқорлықты Америкадан тапқаны ше­неуніктерді жерге қаратпай ма? Маған осы жағы түсініксіз.

Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанға кетіп қалғанда Ислам Каримов Өзбекстан спортын басқарып отырғандардың «шаңын» қағып алыпты деген сөз бар. Тіпті біреулері қызметпен де қош айтысса ке­рек. Біздің Елбасы да дер кезінде Қанатқа қамқорлық жасамаған шенеу­нік­терге осындай шара қолданар болса алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер болмас еді».

...Софияхан Нәрікқызының бұл айт­қан­дарын ешкім де бұрыс дей алмасы анық. Ендеше, бір мықты спортшы қа­зақ елім деп келгенде ел болып жағдайын жасай алмау елдігімізге сын емес пе?

[right]Р. Шалқар

«Замана» газеті[/right]

Айдары: Бақ-бақ 03.11.2019 10

Қатысты мазмұн