«Қан мен Тер» қазақты масқаралаған шығарма ма?

none

**Қазақ болып туғаннан соң ба қайдам, әйтеуір көңіліңе қаяу кіріп қапалансаң да, ойда жоқта оп-оңай өз «аяғымен» келген бақытсыздыққа батып, балқи қалсаң да ойыңа бір ауыз өлең оралады:

Қазағың болған ғой деп кіл жабайы,

Кәпірлер тарихымды бұрмалайды.

«Солайы солай ғой», – деп кей кәрі қырт,

Жарасын жүрегімнің тырналайды.**

Әрине, бұл да күйгеннен айтылған күпірсөз болуы әбден мүмкін. Бірақ осы қазақ бір адамды заңғар ақыл-ой иесі, туса да жүз жылда, мың жылда бір туатын талант, құдай қала берді әлем халықтарының алдында абыройын асқақтату үшін бере салған ұлы тұлға қып қолдан жасап алып, жеті қат көкке көтеріп алып, енді қайта соның табанын қара жерге тигізбей мадақтаудан алдына жан салмайтын ұлт емеспіз бе деген тағы бір күнәһарлау күйге түсіп те кететініміз рас. Және бұндайда осы ісіміз ұлтымыздың, ертеңгі, бүгінгі ұрпағымыздың сана-сезіміне, жан-дүниесіне қалай, қандай ықпалы, әсері болуы мүмкін, күндердің күні болғанда осы мадақтауымыздың, ұрпаққа пайдасынан зияны көбірек тиіп кетпес пе екен дегенді де қаперімізге қыстырмаймыз. Жақында қолыма «Үш пайғамбар» деген кітап түсті. Ұмытпасам, құрастырушылардың ішінде Аян Нысаналин, Шерхан Мұртаза да бар. Қасиетіңнен айналайындар, бұл қайсы үш пайғамбарымыз екен деп қарап көрсем, кітап қазақ бойының ұзындығына қарай сапқа тұрғызған сарбаздарға ұқсатып әуелі Төле, сосын Қазыбек, сосын Әйтеке болып келетін үш бабамыз туралы екен. Бұл үш бабамыз орасан зор ордалы ойдың, салихалы сөздің, терең ілім-білімнің иесі екеніне дауымыз жоқ. Бірақ ол үшеуін АллаҺ тағала жер бетіне өзінің шетсіз-шексіз асыл қасиеттерін уағыздап, адамзат атаулыға үлгі болуға жіберген пайғамбарлардың сапына апарып тұрғызып қою, жоғарыда айтқанымыздай, қолдан құдірет, қолдан қаһарман, әулие, данышпан жасауға құмарлығымызды паш етіп-ақ тұр-ау. Әрине, тарихи тұлғаларды ұлықтаудың алуан тәсілі бар да шығар. Бұл әсіресе көркем әдебиетте, көркем фильмдерде көбірек кездеседі. Әйтсе де Абайдың ойшыл, ақыл-ойы, парық-парасаты былайғы жұрттан өзгеше озық жаратылған жан екенін дәлелдеу үшін оны ылғи да туған әкесіне қарсы, әке ақылын күні өткен, демі таусылуға жақын ескінің сөзі деп білетін, тек өз айтқанымен жүретін адам етіп көрсетудің қажеті бар ма еді? Біз сол кезде соны оқып отырып «Апыр-ау, мынау біздің ұлттық болмысымызға жат әрекеттер ғой, бұл бүгінгі, ертеңгі ұрпақты әке сыйламауға, ата-бабаның салт-дәстүрін сыйламауға жүргізіліп жатқан үгіттің бір түрі ғой дей алдық па? Мынау ұлттық тәрбиемізді аяқасты ету ғой дедік пе? Жоқ! Оны айтсақ, қазір ғана тиіп-қашып, орағытып, сипай қамшылап қана айта бастадық.

Бірақ жеке адамның да, қоғамның да тәніне, жанына батпандап кірген ауру мысқалдап қана шығады (Батпаныңыз 250-300 грамм болса, мысқалыңыз 1-2-ақ грамм!). біз бір адамды қолдан пайғамбар жасап, қол жетпес көк әлеміне апарып орналастырып, өзіміз жайдақ жерде отырып алып әлгінің небір «асыл қасиеттерін», «елден ерек» мінез-қылығын дұрысын да дұрыс, бұрысын да бұрыс деп үрлеген қарындай қампитып лепіруді әлі де қоя алатын түріміз жоқ. Мұндайда «осыным қалай болар екен өзі, тым асыра сілтеп жібермейінші» немесе «ау, менің бұл салаға қандай қатысым бар, әркім өзі білетін, өзі маманданған нәрсені қаужауы керек қой» деген парасаттылықты да естен шығарып аламыз. Жақында Ерлан Карин деген азаматтың ақсақал жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің естеліктеріне жазған алғысөзін оқыдым. Бұл жігіттің саясаткер, мемлекет, қоғам қайраткері екенінен едәуір хабарым бар. Бірақ ол әдебиет туралы, оның ішінде біреудің естелігі туралы алғысөз жазады деп кім ойлапты. Жаза берсін, қазір Қазақстанда екі қазақтың бірі жазушы, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері айтқандай: «Білмеймін дейтін бір жан жоқ, Жұрт ақылға толған күн» ғой. Алайда, оның алаштың тарихындағы абыздардан біз білетіндер әріде Қорқыт ата мен Майқы би, беріректе «көмекей әулие» Бұқар жырау шығар» дей келіп, «Дегенмен, ХХ ғасырға да қазақ абызсыз жетпеген тәрізді. Әрине, бұл жерде біз әдебиеттегі алыптарымыздың бірі жайлы жайлы айтып отырмыз. Ол – Әбең, Әбдіжәмил Нұрпейісов дейді. Әбекеңнің жұртшылығына, қаламының қарым-қуатына ешқандай дауымыз жоқ.

«Мені құртқан көкшолақ» дегендей, бұл жерде «абыз» деген қайран қасиетті атаудың мына заманда өз иесін таппай қорлық күйге түскені қиналтады. Абыз – араб сөзі (хафиз, хафыз). Оның бір мағынасы – сақтаушы, қорғаушы, екінші мағынасы – Құранды жатқа білетін адам. Ол М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» әулие, көріпкел болып суреттелуі тегін емес.

Құранды жатқа соғатын абыз-хафиз болмақ түгіл не бейіт, не дастархан басында бала-шағаға шейін білетін «Ықылас» пен «Фатиха» сүресін айтып ыңылдағанын да көрген пенде жоқ шығар. Екіншіден, абыз адам халқының ең болмаса ең бір асыл қасиеттерін әлгі айтылғандай Сақтаушы, Қорғаушысы. Егер қолында билігі, аузында дуасы жоқ қарапайым пенде болса, ол фарызын өзінің жазған-сызғандары арқылы-ақ өтеуіне әбден болады. Ал Әбекеңнің «Қан мен терінде» қазақ («Соңғы парызға» сәл кейінірек тоқталармыз) ұлтында жоқ хайуандық, қазақ ұлтында жоқ бірер найсаптық қолдан жасалған. Неге екенін қайдам, «Қан мен тер» туралы қазақ әдебиетшілері, сыншылары жазған мақалаларда бұл туралы әзір ешкім еш айта қойған жоқ. Көптен көкейімізде жүргенімен бұл ойды біз де іште сақтап, тартыншақтап келгенбіз. Бірақ саясаткер Ерлан мырзаның «абызы» халық ұғымындағы абыздықтан аулақ адам екенін айтпасқа болмады. Назар салыңыз: «Ол, әсіресе, өткен түні таң атқанша ұйықтай алмай, күйеуі мен күндесі жатқан жаққа құлаған жігіт, қасіретке уланып жатыр еді. Бір ыстық қол басынан сипап, үнсіз жақындай берді. Кенжекей дір етті. Бауырындағы баланы тастай салды да, түн жамылып келген әлгі ыстық қолды шап беріп ұстай алды:

– Сен бе?

– Тсс... Ме-меее...

...Ыстық демі әйел денесін өртеп барады. Төсек тарлық еткендей өз бойымен (?) астын сызып, сұрақ қойған біз) Кенжекейді іргеге ысырып, салған жерден қызылға түскен бүркіттей, әй-шәйға қаратпай тықсырып ала жөнелді. Басқа кезде, бәлкім, Кенжекей мына қимылдың сөлекеттігін білер еді. Осы жолы қу нәпсі бұның өзінің де құлқын құртып баратты ма, сөніп қалған жалынды қайта тұтатып, қойнына кіріп келе жатқан еркекті құшақтай алды:

– Сенсің бе?

– Ии-ее... мее...

– Көз жасым саған да жеткен екен ғой...

– Иәә... сеетт... Ке-ке-кеелідім... сиңешее...

Кенжекей шапшаң серпіліп, іргеге тығыла қалды. Дір-дір етеді. Қалау енді әй-шәйға қарамады».

Міне, осы жерде Қалау мен Кенжекейдің арпалысы суреттеледі. Қалау Кенжекейдің «аузын басып, қолын қайырмақ болады». Төлеу – Қалаудың туған ағасы. Ол тоқалы мен Әбекеңнің айтуынша «кіші әйелімен небәрі қол созымдай жерде» жатыр. Інісі Қалау да, есін біліп қалған ересегі бар, емшектегісі бар бала-шаға, бойжеткен қарындасы Айғанша ауруы меңдеген қарт ана бәрі осында. Міне, осындай жағдайда Қалау туған жеңгесімен жыныстық қатынас жасап, құмарын бір қандырмақ болады. Ал Төлеу ағасы «інісінің қылығын құптағандай тырп етпей не керек Қалаудың «жолы болмайды». Әңгіме ойда да жоқ емес. Әңгіме бұл жерде қазақты малдың, әлдебір хайуанның аз-ақ алдындағы жабайы ұлт сипатында б олып отыр ғой. Бұл қазаққа, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, ұлттық тәлім-тәрбиесіне жабылған жала, жағылған күйе екендігінде. Неге дейсіз ғой?! Қазақ халқында туған ағаның көзі тірі тұрғанда туған інісі қанша жерден дүлей, сойқан болса да ешқашан туған жеңгесіне қол салмайды. Жақын-жуық, рулас ағаларының әдейілеп «жеңеше-ау» деп қалжыңдасып, сөз қағысса да туған жеңгесімен олай қалжыңдаспайды да. Құдайдан тура құрық келіп, ағасы бақиға кеткеннің өзінде оның жылын бергеннен кейін барып ара ағайынның, ақсақалдардың жәтуасымен ғана әмеңгер болып үйленуіне болады. Оны айтасыз-ау, аға-жеңгесінің төсегінің үстіне отыру, аяғымен басу да көргенсіздік болып есептеледі. Ал мына суреттеме-баяндауда ше?

Осыны оқып отырған алыс шетелдіктер, үй іргесіндегі орыстарды былай қойғанда өзімізбен тілі бір, діні бір бауырлас ұлттар қазақты кім деп ойлайды? Бұл сөзімізге қарсы дау айтатындардың «Ау, өмірде не болмайды? Бұл әбден болуы мүмкін жағдаят қой», – деп шыж-быж болатынын да білеміз. Бірақ өмірде болатын, болған нәрсенің бәрін тізіп жаза берсе ол әдебиет болады ма? Ол әдебиет емес, әйтеуір мына жалған дүниедегі бүкіл уақиға атаулының тізбесі болып шықпай ма? Ондай уақиғаның көкесін жұрт қазір «КТК» телеарнасынан да көре алады ғой. Бүйте берсек, «Әдебиет – ардың ісі» дегеніміз де құр сандырақ болып шықпай ма?

Әдебиет – ең әуелі бір ұлттың ар-намысы! Оған адам-пенденің басында кездесетіннің бәрін тықпалай беру, біріншіден, көркемдік шындыққа да, қаламгерлік шаберлікке де жатпайтынын ескерсек, екіншіден ұлттық намысқа, ұлттық салт-сана, үрдіс-дәстүрге, ата-баба аруағына нұқсан келтірмеу жағын әрдайым әр қаламгер жадында тұтуы керек.

«Ұлттың басқа ұлттар, басқа мемлекеттер алдындағы абырой-беделі, қадір-қасиеті шикі мұнай, уран сатумен немесе атаулы күндер мен мейрам-мерекелерде биік мінберден, сөйленген сөздер мен жалынды жолдаулар арқылы көтерілмейді. Ұлттың абырой-беделін ең әуелі көркем шығармалар көтереді, болашақ тағдырының қалыптасуына әсер етеді.

Ал сол абырой-бедел ең алдымен ұлттың ұл-қызының ең әуеліар-намысы қандай деңгейде, жан сұлулығы қандай, отбасының түтіні қалай ұшатынына тікелей байланысты.

Ендеше «Қан мен тердегі» тағы бір осындай өте өрескел көрініске көз салыңыз:

« – Құрыдық...

– Біздің шал ма?

– Жоқ.

– Енді кім?

– Кә-кә-леп...

– Қой, ол ұры Қарақалпақ асып кеткен жоқ па?

– Анық... анық сол. Екі тізесі аттың екі құлағын қағады.

Ақ тоқал аяқ астынан көңілденіп:

– Кәлен дейсің бе? Екі тізесі аттың екі құлағын қағады дейсің бе? – деді, бұл кезде бойы үйреніп қалған жігітті сықақтап күліп.

– Мені... мені өлтіреді. Енді не істедім? Қайда тығылам? – деп сасқалақтай бергесін, ақ тоқал:

– Өзіңнің шыққан жерің ғой. Кел, мында тығыла ғой, – деп күліп, көйлегінің етегін алдыңғы жағынан көтеріп жіберді. «Міне, осы! Бір тәуірі әйтеуір таршолақ бала айтоқал айтқан «өзінің шыққан жеріне» қайта тығылды ма, жоқ, автор оны айтпағаны дұрыс болған. Бұл көрініс те, мұндай қағытпа сөз болуы әрине мүмкін. Алайда, ақ тушадай жап-жас келіншек өзі сырт көзден тасаланып, қашып-пысып келіп кездесіп тұрып, өзі де, көңілдесі де ынтығып баса алмай тұрған алас-қапаста дәл сөйте қоюы біріншіден, сенімсіздік тудырса, екіншіден осыдан шығарма не ұтты, оқырман не ұқты? Қалай десеңіз де тәрбиелілігіне, әйели болмыс-бітіміне мысқалдай мін түспеген сол заманның әйел жыныстысына еркек кіндіктіні бұлай келеке еткізу Әбекеңнің абыройын арттыруға қылдай үлес қоспақ түгіл өзге жұртқа қазақ әйелін жабайы, дөрекі, әйелге тән нәзіктіктен жұрдай екенін дәлелдеуге жап-жақсы жол ашып беріп тұр.

Иә, бізде қазір екінің бірі дерлік ақын-жазушы, тіпті болмаса пікір, сын жазушы болды. Жоғарыда тілге тиек болған Ерлан Кариннің әкесі өткен жылы жасы 70-тен асқанда Жазушылар Одағына мүше болды. «Тарланбоз қартайғанда жорға ашты» деген осы «Оның баласы айналайын Ерланжан міне, одан гөрі жасырақ кезінде Ә.Нұрпейісов сияқты ақсақал жазушының естелігіне «алғысөзші» болып отыр. Бірақ өз басым оның «...Еламан, Тәңірберген, Ақбалаларды танитын (? – астын сызып сұрақ қойған біз), Жәдігер, Әзім, Бәкизаттарды білегін (?) көзі қарақты оқырман көзі тірі классиктен әлі де соны шығармалар күтетіні өтірік емес» дегеніне келісе алмаймын. Яғни, мен Ақбаланы «танитындықтан», сол Бәкизатты «білетіндіктен» де отын өшіріп, ошағын ойрандап жүргенде.

Олай дейтінім, қазақтың «Қан мен терді» бүгін оқыған, ертең оқымақ ұрпағы ондағы ең басты кейіпкер Еламаннан, «Соңғы парыздағы» Жәдігерден үлкен бір үлгі-өнеге үйреніп, толымды тағлым-тәрбие алады деу өте қиын. Екеуі де өз шаңырағының не иесі, не киесі болуға жарамайтын, не ерлікте, не өрлікте жоқ, ылғи бір ауыр ойдың батпағында жүретін жабырқау жандар. Бұл өз алдына жеке талданатын тақырып. Ал, әуелі Құдай, қала берді ата-аналар баталасып қосқан жары Еламаннан балалы болып, ол шалғай елде қан кешіп жүргенде емшектегі сәбиін тастап, біресе Тәңірбергенге, біресе бала-шағалы «сүмелек сары» Әнуарға тиіп, өмірден өз орнын таңдай алмай жүрген Ақбала ше? Аулына келген академик Әзіммен әуейі болып, ар-ұятты белден басып, соның қасына қонып қалатын, ойы, есі-дерті өз шаңырағынан өзге бір тірлікті аңсап жүретін Бекизат ше? Мүмкін, Ақбала Тәңірбергенді сүйетін де шығар. Бірақ «Қан мен терде» олардың арасында сондай бір өліп-өшкен, бір-бірін көрмесе тұра алмайтын іңкәр да үрзада сезім жоқ. Әбекең ондайды суреттеуге орашолақ адам. Иә, махаббат дегеніңіз екі адамның бір-біріне деген іңкәрлігі, құштарлығы ғана емес, ол солар өмір сүріп, күн өткеріп жатқан бүкіл сол қоғамның мінез-құлқы, мақсұт-мүддесі қандай екенін көрсетеді.Ерлан мырза айтқандай, не біз «танитын» Ақбала, не біз білетін Бәкизат та ең болмаса алдына бір асқақ арман, биік мақсұт қойып, сол арман-мақсұты алдып кеткен бейкүнә қыздар да емес. Сонда бүгінгі де ертеңгі қыз-келіншектерімізге бұл екеуінен не үйрен дейміз? Иә, әркімнің өмір сүру, күн көру, анайылау айтсақ, тамақ асырау тәсілі әртүрлі болады. Кешегі кеңес өкіметінің заманынан бері көп ақын-жазушылардың да өмір сүру тәсілі әртүрлі болып келеді. Қазір біз жекелеген байларды, кәсіпкерлерді, әкімдерді мақтап, соларға өлең арнауды, айтыс, мүшәйра ұйымдастыратын болдық. Ол кезде жазушылар кеңестік идеологияның жолаушыларын, атшабарлары болды. Бірақ әдебиет ардың ісі деген қанатты сөз де сол кезде дүниеге келіп еді. Бірақ біздің қаламгер ағалар сол ар ісінің алдында бүгінде ақтала алады ма? Әрине, әр қоғамда, әр кезеңде әдебиет әрдайым ардың ісі бола бермесі хақ. Өйткені, қай кезең, қай қоғамда да жарық пен қараңғы, ақ пен қара сияқты Кесапат пен Шарапат қатар жүреді. Егер Кесапат болмаса Шарапатқа істейтін іс қалмайды. Міне, осындайда нағыз қаламгер де қылыштың жүзімен жалаңаяқ жүріп келе жатқандай күй кешеді. Сөйтіп келе жатып қолындағы Ардың туын биік ұстайын, құлатып алмайын деп зар илеп, запыран құсмен болады. Нағыз қаламгер, оның үстіне жасы сексеннен асып, тоқсанға таяп қалған адам осы мен күнкөрістің қамы деп, өзім өмір өткеріп отырған қоғамныңатқосшысы болам, атақ-даңққа бөленем деп жүріп ұлтымның обалын ойладым ба, ата-бабаға, солардың қасиетті де киелі салт-дәстүріне, небір ғажап үрзада үрдістеріне қиянат жасаған жоқпын ба деп өз тәні мен жанының ең бір кәусар бұлағын аршуы керек-ау...

[right] Әділ ЖЕТЕС.

«Үш қоңыр», №41, 7 желтоқсан 2012 жыл.[/right]

Айдары: Бақ-бақ 03.11.2019 25

Қатысты мазмұн