Қамаудан шыққан Жанпейісов биліктен кешірім сұрады

none

Полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп, заңға қайшы әрекеттерін сынап жүрген белсенді Руслан Жанпейісов (құжаттағы есімі – Бейбарыс Райымбеков) қамаудан шықты. Ол босап шыққан соң ішкі істер министрі мен Қазақстан президентіне қайырылып, әлеуметтік желіде мәлімдеме оқып берді.

Жанпейісов сәуірдің ортасында "Төтенше жағдай режимін бұзу" және "Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер" бабымен 40 күнге қамалған. Қалалық сот "Жанпейісов вирус тарауына байланысты жарияланған карантин кезінде шектеуге қарамастан 12 сәуір күні сағат 20:40-та көшеде жеке көлігімен жүріп, төтенше жағдай кезіндегі ережені бұзған. Ол тікелей эфир арқылы карантин шектеулеріне қарсылығын білдіріп, полиция жұмысына кедергі келтірген" деп хабарлаған еді. Белсенді мен адвокаты сот шешімімен келіспеген.

Қамаудан шыққан Жанпейісов Facebook желісіне эфирде "енді ІІМ жұмысын сынамайтынын, полицейлердің жұмысын, қателігін видеоға түсірмейтінін, бұл іспен айналыспайтынын" айтты. Белсенді Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан кешірім сұрады.

Жанпейісов «жеті жыл бойы видеолар түсіріп, Қазақстан полициясының жұмысын жақсартуға үлес қосуға тырысқанын, полицейлерді заңсыз әрекеттерін сынағанын, бұл әрекеттерінің бәрін полицияның жұмысын жақсарту үшін жасағанын, арасында қателескенін» жеткізді.

«Осы видеоларды көріп, басқа полицейлер сол қателікті қайталамайды деп ойладым. Бірақ мен тыңдамады, мені түсінбеді» деді белсенді.

Жанпейісов мәлімдемесінде "өзін полиция ұстаған кездегі әрекеттері үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында қысылатынын" айтты.

Жанпейісовтің сөзінше, оған бұл мәлімдемені жасауға "ешқандай қысым болмаған".

2017 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі Абай аудандық соты Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырып алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпты деп таныған. Белсендінің үстінен тағы бірнеше іс қозғалған.

Айдары: Найзағай 19.05.2020 55

Қатысты мазмұн