Қалмұханбет Қасымов қызметінен босатылды

none

Қалмұханбет Қасымов Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметінен босатылды.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Қалмұханбет Қасымов өзінің отставкаға және мемлекеттік қызметтен кету туралы өтініші бойынша лауазымынан босатылғанын айтты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмұханбет Қасымовты өзінің отставкаға және мемлекеттік қызметтен кету туралы өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмұханбет Қасымовқа құқық қорғау органдарындағы ұзақ жылғы қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы ретінде сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді", - деп жазды Берік Уәли Facebook-парақшасында.

Қалмұханбет Қасымов 64 жаста. Ол Алматы облысы Іле ауданы Дмитриевка ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1979 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін "заңгер" мамандығы бойынша бітірген. Полиция генерал-полковнигі.

1979 жылдан - Алматы облысы ІІБ Іле аудандық ІІБ тергеушісі, аға тергеушісі, тергеу бөлімшесінің бастығы, бастығының орынбасары. 1988 жылдан - Алматы облысы ІІБ қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімі бастығының орынбасары.

1989 жылдан - Алматы облысы ІІБ Қапшағай қаласының ІІБ бастығы.

1992 жылдан - Алматы облысы Криминалдық милиция басқармасының бастығы, ІІБ бастығының бірінші орынбасары.

1997 жылғы наурыз-шілде аралығында - ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы.

1997-2003 жылдары - Алматы қаласы Ішкі істер Бас басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Алматы облысы Ішкі істер департаменті Ішкі істер Бас басқармасының бастығы.

2005 жылдан 2009 жылға дейін Қазақстан Республикасының бірінші вице-министрі, Ішкі істер вице-министрі болған. 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы болды. 2011 жылдан 2019 жылға дейін еліміздің ішкі істер министрі болып жұмыс істеді.

Кейін Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. 2020 жылдың қаңтарында Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болды.

2011 жылғы 14 желтоқсанда оған полиция генерал-лейтенанты атағы, 2015 жылғы мамырда полиция генерал - полковнигі атағы берілген.

Айдары: Найзағай 30.07.2021 94

Қатысты мазмұн