Қайрат Сатыбалды «Хилтонды» сатып алды ма, тартып алды ма?

none

«Қаңтар оқиғасынан» кейін қамауға алынған Қайрат Сатыбалдының рейдерлік жолмен Алматыдағы «Хилтон» қонақүйін тартып алғаны жөніндегі дау күшейді. Қарапайым кәсіпкер Шолпан Қаранееваның меншігіндегі мүлікті (қонақүйдің толық атауы: Double Tree by Hilton Almaty) қитұрқы схема арқылы тартып алуға олигарх Патох Шодиевтің інісі Орифджан Шадиев, Нығматулиндердің күйеубаласы Азат Бектұров қатысқан деген күдік бар. Бұлар да құралақан қалмады: екі ортада «Сapital Bank» шотында тұрған 14 млрд теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп, «ұстағанның қолында, тістегінде аузында» кетті.

Мәселенің қысқаша мән-жайы былай: Бұрыннан қонақүй бизнесімен шұғылданған кәсіпкер Шолпан Қаранеева өз күшімен 2016 жылы Алматының ортасында «Хилтонның» құрылысын бастайды. Біршама уақыт өткен соң құрылысты тездетіп аяқтау үшін Ш. Қаранеева «Сapital Bank»-тен 4 млрд теңгеден астам несие алады. Несие алған тұста құрылысы бітпеген қонақүйді банк 9 млрд теңгеге бағалап, кепілге алып, соның жартысынан аз сомаға несие берген. Бұл қарыз пайыздық үстемесімен 2025 жылы қайтарылып болуы тиіс еді. Кәсіпкер Ш. Қаранеева несиені ай сайын төлеп тұрады, тіпті осы несиенің үстіндегі пайыздық сыйақысын толық төлеп тастайды.

2020 жылы бүкіл әлемді коронавирус пандемиясы шарпығаны белгілі. Локдаунға байланысты қонақүй жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Карантин кезінде президент Тоқаев кәсіпкерлерге несиесін, тағы басқа төлемін тоқтата тұруға рұқсат береді. Кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М.Әбілқасымова қонақүй бизнесіне арналған жеңілдік кезеңін тағы үш айға ұзарту туралы екінші бұйрық шығарды. Бұл жеңілдік бойынша, кәсіпкер Ш. Қаранеева да жұрт қатарлы несие берген банкке ай сайынғы төлемді тоқтата тұру туралы өтініші береді. «Сapital Bank» үкіметтің карантинге локдаунға орай шығарылған бұйрығын орындайтын сыңай танытқан. Дегенмен, «Сapital Bank» 2020 жылдың соңында Шолпан Қаранееваға кепілде тұрған «Хилтон» қонақүйін «Заңгер» коллектор компаниясына өткізетіні туралы хабарлама келеді.

«Заңгер» компаниясы банк берген несиені толық өтеуімізді заңсыз талап етті. Банк біздің кепілзатымызды төлемейтін борышкер ретінде коллектор компаниясына бере салыпты»,- дейді Ш.Қаранеева.

Мұнда түсіндіре кететін бір жайт бар. «Заңгер» атты аяқ астынан құрылған коллектор компаниясының да «Сapital Bank»-тың төрағасы Орифджан Шадиевке қатысы бардеген дерек бар. Яғни «Сapital Bank» банкрот болған соң О.Шадиев банктің кепілдегі активтерін «Заңгердің» құзырына өткізіп, «бір себеттегі жұмыртқаны өзінің екінші себетіне ауыстырып» алған секілді.

«Сapital Bank» банкрот болардың алдында «ҚазАэроНавигация» атты мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Азат Бектұров мемлекеттің 14 миллиард теңгесін осы банкке депозитке салған. Бұл заңсыз іс. Себебі мемлекеттік мекеменің ағымдағы шығынына жұмсалатын қаржыны депозитке салуға болмайды. Бұл да банк басшысы Орифджан Шадиев пен Азат Бектұровтың өзара ым-жымы бір болғанын байқатады.

«Сapital Bank» банкрот болып, мемлекеттік мекеменің 14 млрд теңгесі жоқ болып кеткен соң, «Заңгер» коллектор компаниясы сол қаржыны «ҚазАэроНавигация»-ға қайтару үшін «Сapital Bank»-тің кепіліндегі өзгелердің мүлкін екіжақты жасалған несие шарттарына қарамай оңды-солды сата бастайды.

Несие шартын түгел орындап отырған кәсіпкер Шолпан Қаранееваның да «Хилтон» қонақүйі осы «қара тізімге» ілінеді. «Біз мемлекеттік органдардың көмегіне жүгініп жатқанда, Айгүл Закирьянова басшылық ететін «Заңгер» коллектор компаниясы жұмыс істеп тұрған қонақүйді асығыс-үсігіс құрылған келесі компанияға – «Baidala V» ЖШС-не тиын-тебенге сатып жіберді. «Baidala V» ЖШС-нің нағыз иесі еліміздегі ең атақты, ең беделді отбасының өкілі екенін де кейін білдік» дейді Ш. Қаранеева.

Құрылысы бітпей тұрғанда 9 млрд бағаланған «Хилтон» қонақүйі құрылысы толық аяқталып жұмыс істеп тұрған кезінде «Заңгер» компаниясы оны 5 млрд теңгеге бағалаған. Қонақүйді сатып алған «Baidala V» компаниясы бұл соманың қаншасын төлегені белгісіз.

Осы қонақүйді меншіктеп алу үшін аяқасты құрылған «Baidala V» компаниясының Қайрат Сатыбалдыға тікелей қатысы бар. Оның иелігіндегі «Қайсар» компаниясымен байланысатын телефон нөмірлер «Baidala V» компаниясынікімен бірдей. Бұдан басқа «Baidala V» компаниясы «Хилтонды» иелігіне ала сала, 2021 жылдың қараша айында Қайрат Сатыбалды қасына нөкерлерін ертіп қонақүйге келіп, аралап көрген. Қандай жақсы мүлікті сатып алғанына мақтанып, ғимfраттың ішінде екі рәкәт намаз оқып кетіпті. Намазда Құдайдан не тілегенін оның өзі ғана біледі.

2021 жылдың қараша айынан бастап қонақ үйдің жаңа қожайыны пайда болып, ол өз жұмысшыларын кіргізе бастаған. Жұмысшылар сол уақытта мейманханаға Қайрат Сатыбалды өз адамдарымен бірге келіп аралап жүрді дейді. Осы қонақүйде істейтін бірқатар жұмысшы Қайрат Сатыбалдыны өз көзімен көрген және намазхан адамның қарапайым адамдарды қалай менсінбейтініне, тіпті қалай былапыт сөзбен сөйлейтініне де куә болған. «2021 жылы қараша айында Қайрат Сатыбалды деген кісі біздің бөлімге кірді. Қасындағы орамал таққан әйел адамға: Гүлеке, міне, мынау «Прачка-срачка» деп көрсетіп, шығып кетті. Онымен бірге 5-6 адам болды. Осы ғимараттың қожайыны сияқты өте сенімді жүрді. Оның Қайрат Сатыбалды екенін кейіннен білдік қой»,- дейді Бекзат Омарова есімді қонақүй қызметкері.

Қазір «Хилтон» қонақүйінің қауіпсіздігін екі топ күзетеді. Бірінші топты «Хилтон» қонақүйін тұрғызған Ш. Қаранеева жалдаған. Олармен қабаттасып қонақүйді иемденіп кеткен «Байдала» компаниясы жалдаған күзетшілер сұстанып жүр.

Қазір осы дауға қатысты бірнеше сот өтті. Мұнда да «күшті артымен диірмен тартады» деген тәмсіл бар. Даудың бір жағында қолдаушысы жоқ қарапайым кәсіпкер Шолпан Қаранеева тұрса, екінші тарапта Шадиев, Нығматулин, Назарбаев секілді дөкейлердің туыстары тұр. Орифджан Шадиев пен Азат Бектұров мемлекеттің кем дегенде 14 млрд теңгесін талан-таражға салып жіберді. Ал Қайрат Сатыбалды осы бір қитұрқы іс арқылы бөтеннің мүлкін арзан бағаға иемденіп алды. Сондықтан соттың екі сатысы да қарапайым кәсіпкер Шолпан Қаранееваны бизнесінен айыратын шешім шығарды. Мұны сыбайласып алып рейдерлік жасау деп бағалауға болады.

«Біз соттардан әділдік таба алмадық. Биліктің бишігіне ие болғандар мен соттардың озбырлығынан жалғыз мен зардап шеккен жоқпын. Бүгінде мен секілді бірнеше кәсіпкер осыған ұқсас іс бойынша соттасып жатыр» деген Шолпан Қаранеева амалы таусылғаннан президентке үндеу жасап, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр.

«Құрметті Президент мырза! Мен сізден қонақүйдің жүз елу қызметкерінің, соның ішінде көптеген мүмкіндігі шектеулі жанның атынан біздің мәселемізді шешуге көмектесуіңізді сұраймын! Менің бизнесімді рейдерлік жолмен басып алды деп санаймын!

Біздің жанайқайымызды естігеніңізді қалаймын! Сіз Қазақстан Республикасы Конституциясы мен азаматтарының құқықтарының кепілі ретінде әділ де заңды шешім қабылдайды деп сенеміз»,- дейді Шолпан Қаранеева.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 19.05.2022 147

Қатысты мазмұн